Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Жаңаталаптағы мектеп-интернаттың құрылыс тоқтап тұр

AstanaTV
04.11.2020ж. 20:00
2736
Жаңаталаптағы мектеп-интернаттың құрылыс тоқтап тұр

Мектеп құрылысы аяқталмағандықтан, қашықтықтан оқып жатырмыз. Арнамызға хабарласқан Атырау облысы Жаңаталап елді-мекенінің тұрғындары осыны жеткізді. Айтуларынша 300 балаға арналған мектеп-интернаты биыл шілде айында қолданысқа берілуі тиіс болған. Бірақ кірпіші де толық қаланып бітпепті. Жергілікті халықтың бірі үйде онлайн оқытуды таңдаса, енді бірі алыстағы кезекші сыныпқа апарып жүр. Шығымды тындап көрейік.

Салтанат МУРИДЕНОВА, ЖАҢАТАЛАП ЕЛДІ МЕКЕНІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Осы Жаңаталап ауданында қанша бала болса, барлығы сол мектепке барады деп ойладық. Сонда ауылдың балалары қайта қалаға барып оқығанды біреудің жағдайы көтерсе, біреудің жағдайы көтере бермейді. Жолақысы бар.   

Осы мәселенің жай-жапсарын білмек болып, Атырау облысы әкімдігіне хабарластық. Қазір бізбен байланысқа құрылыс басқармасының бөлім басшысы Нұрлыбек Сақпаров шығып отыр. Нұрлыбек  мырза, қайырлы кеш! Мектепке тапсырыс беруші - облыстық құрылыс басқармасы деп көрсетілген. Сметада биыл қолданысқа беріледі делінген. Бірақ берілмек түгілі кірпіші де қаланып бітпегенін көрдік, таспадан. Бұған не себеп?

Нұрлыбек САҚПАРОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Атырау қаласы Жаңаталап селосындағы 300 орындық мектеп-интернат құрылысы 2019 жылдың маусым айында басталған. Қаржыландыру мәселесіне байланысты 2020 жылдың басында құрылыс жұмыстары тоқтады. Оған ел басшылығының бюджет шығыстарын қайта қарау және қысқарту жөніндегі тапсырмасы бойынша кейбір әлеуметтік нысандарды оптимизациялау себеп болды.

Нұрлыбек мырза, кешіріңіз, сөзіңізді бөлейін. Енді қаржы мәселесі шешіле ме, мектеп құрылысы не болмақ?

Нұрлыбек САҚПАРОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Қаржы мәселесі жыл соңына дейін шешіледі деп ойлаймыз. Құрылыс жұмыстары 2021 жылдың ақпан, наурыз айларында басталады деп отырмыз. Ал жыл аяғында аяқталады деп күтіледі.  


Жалпы мектеп 300 орынға шақталған екен, ал елді мекенде 3,5 мыңнан астам адам тұрады. Мектеп кішкентай емес пе, ертең барлық балаға орын жете ме?

Нұрлыбек САҚПАРОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Бұл мәселемен облыстық білім беру басқармасы айналысып жатыр. Бізге қазір жоба бойынша көзделген 300 орындық мектеп салу көзделіп отыр. Болашақта халықтың саны өсуіне байланысты тағы да жаңа нысандар саламыз деп ойлаймыз.


Сұхбатыңызға рақмет, Нұрлыбек Қилыбайұлы. Құрылыстың тағы созылып кетуіне басқа себептер болмайды деп ниеттенейік. Қазына қаржысы жұмсалып жатқандықтан, ертерек аяқталып, балалардың игілігіне жарасын. Қымбатты көрермен, сізді де толғандырған проблема болса - экранда көрсетілген байланыс нөміріне хабарласыңыз. Аудио немесе видео жолдаңыз. Біз сізбен бірге тікелей эфирде жауабын іздейміз.

Ә. Өмірзақ