"Пандемия кезінде себепсіз жалақымызды қысқартты". Жамбыл облысы Жуалы ауданы тәрбиешілері бүгін арнамызға осындай хат жолдады. Мемлекеттік «Қызыларық» балабақшасы қызметкерлерінің сөзіне қарағанда, жалақы өткен айда да қысқарған көрінеді. "Бұлай жалғаса берсе айлықсыз қаламыз", дейді тәрбиешілер.
ХАТ:
Жуалы ауданы «Қызыларық» балабақшасы қызметкерлерінің жалақысы қысқарып жатыр. Осы айда тәрбиешілердің ғана емес басқа қызметкерлердің де айлығы азайды. Қазіргі қиын кезде неге ондай шешім қабылданды?
Бұл хатты жолдаған тәрбиеші аты-жөнін атамады. Бәлкім басшылықтан жасқанған болуы мүмкін. Десе де ақпаратты бей жай қалдыра алмаймыз. «Қызыларық» балабақшасының басшылығына хабарласып анық-қанығына жетіп көрейік. Қазір бізбен байланыста меңгерушісі Әлима Үсенбаева бар екен. Қайырлы кеш, Әлима ханым! Қызметкерлердің айлығын неге қысқарттыңыздар?
Әлима ҮСЕНБАЕВА, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ЖУАЛЫ АУДАНЫ «ҚЫЗЫЛАРЫҚ» БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
Бізде ай сайын айлығымыз толық төленіп келе жатыр, тек осы қазан айында кезектен тыс методист-психолог үй жағдайына байланысты демалысқа шықты. Содан айлық жетіспей қалды. Енді айлық осы қараша айының 20-сына дейін, әкімшілік ақша аударып беріп, қарашаның айлығы толық төленеді.
Еңбек демалысына шыққандарға ақша жетпегендіктен айлықты қысқарту деген қаншалықты заңды? Осыны түсіндіріп өтіңізші. Болашақта дәл осындай жағдай болып қалса, тағы қысқартасыздар ма?
Әлима ҮСЕНБАЕВА, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ЖУАЛЫ АУДАНЫ «ҚЫЗЫЛАРЫҚ» БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
Жаңа айттым ғой, методист-психолог кезектен тыс үй жағдайына байланысты демалысқа шықты. Мұндай нәрсе енді қайталанбайды.
Жоғалтқан жалақысын қызметкерлер қашан алады енді? Алдағы айда еңбекақы толық төлене ме?
Әлима ҮСЕНБАЕВА, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ЖУАЛЫ АУДАНЫ «ҚЫЗЫЛАРЫҚ» БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
Осы қараша айының 20-сына дейін қазан мен қараша айының жалақысы қосылып, толық төленеді.
Сұхбатыңызға рақмет! Алдағы уақытта қызметкерлеріңіз мұндай қолайсыздыққа тап болмайды деп сенейік. Қымбатты көрермен, сізді де толғандырған мәселе болса - экранда көрсетілген байланыс нөміріне хабарласыңыз. Хат жазыңыз, аудио немесе видео жолдаңыз. Біз сізбен бірге тікелей эфирде жауабын іздейміз.
Ә. Өмірзақ