Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Еркебұлан Мүсіреп өмірден өтті

AstanaTV
10.11.2020ж. 20:00
2964
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Еркебұлан Мүсіреп өмірден өтті

Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің негізін қалаушылардың бірі, белгілі Еңбегі сіңген қайраткер Еркебұлан Саламатұлы 75 жасына қараған шағында дүниеден озды. Саналы ғұмырын қазақ өнеріне сарп еткен қайраткердің өлшеусіз еңбегі, артында қалған ізбасарларына мұра. Өткен тәулікте жер қойнауына тапсырылған марқұмның өнердегі, өмірдегі жетістері туралы келесі материалда.

Еркебұлан МҮСІРЕП, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ:

Бізде жылына 100 концерт. Жүзден аса солай. 50 мыңдай көрерменмен қауышып, міндетті түрде болу керек. Қауышып, кездесу керек. Енді осы сапар жалғасады.

Бұл, “Құрмет” орденінің иегері, Еңбегі сіңген қайраткер, марқұм Еркебұлан Мүсірептің арнамызға 6 жыл бұрын берген сұхбаты. Өнер үшін ішкен асын жерге қоятын ардагер әрқашан оркестрдің жанынан табылатын. Артынан ерген ізбасар әріптестері болса, марқұмның еңбегін өлшеусіз, деп бағалайды. Тәуелсіздік алған жылы ол, Құрманғазы оркестріне келіп, тарихи ұжымды қиын-қыстау күннен алып шыққан.

Мақсат ТІЛЕПБЕРГЕН, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ:

Қиын кезде оркестрді басқарды. Оркестрдің ішкі, сыртқы жағдайына, әртістерге жағдай жасап, біраз шапқылап үлкен еңбегін сіңіріп, осы оркестрді сонау қиын кезеңнен алып шықты.

Сөйтіп Еркебұлан Мүсіреп, Ахмет Жұбанов құрған оркестрдің бұрынғы атақ-даңқын қайтарды. Кейіннен ел ішін ғана алыс-жақын шетелді аралап әлемдік турне өткізді. Талантты басшы, "Гүлдер" ансамблі мен "Қазақконцерт" ұжымының дамуына да өз үлесін қосқан.

Ләйлә НАЗОВА, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

Ол кісінің мінезі біреуді ренжітіп аламын ба, деп тұрады. Біреуді қатты сөз айтып ренжіп қалды ма, десе сөзінің аяғын қалжыңға айналдырып жіберіп, жарайды, жақсы, деп артқы жағын жұмсақтап жіберетін. Ол кісінің ұйымдастыру қабілеті, орекстрді жоғары деңгейде ұстай білу қабілеті өте жоғары еді.

Еркебұлан Саламатұлы “Әлемге әйгілі оркестр” атты деректі-суретті тарихи еңбектің авторы. Онда Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің тарихы, жетістігі мен ерекшілігі және дарынды тұлғалар туралы жазылған.

А. Кемелжан