Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Голливудтың ірі кинокомпаниялары стриминтік сервиске көшті. Кинотеатрлар қалай күн көрмек?

AstanaTV
23.11.2020ж. 20:00
1541
Голливудтың ірі кинокомпаниялары стриминтік сервиске көшті. Кинотеатрлар қалай күн көрмек?

Карантин жеңілдеп кейбір қалаларда кинотеатрлар екінші дем алған еді. Алайда, ол кәсіпкерлерді тығырықтан шығармаған. "Кино көретін адамдар азайып кетті", дейді бизнесмендер. Пандемия басылғанның өзінде кинотеатрлар жылдам есін жимайтын сияқты. Себебі ірі кинокомпаниялар- ғаламторға көше бастады. Олардың арасында голливудтың «Walt Disney» компаниясы бар. Ол өз көрерменін стримингтік сервистерден тапқан.

Қытайлық індеттің таралғанына 1 жылдан асты. Көзге көрінбейтін "жаумен" әлі алысып келеміз. Ғалымдар вакцина іздеп есі шықса, бизнесмендер қарызға белшесінен батты. COVID-19 әсіресе кинотеатрларға ауыр тиді.

Бауыржан ШҮКЕНОВ, «ARMAN» КИНО ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Кинотеатрлардың жағдайы болашақта қалай болатынын бағалау мүмкін емес. Өйткені пандемия мәселесі бар. Бүкіл әлемде де осы. Көпшіліктің сұранысын қанағаттандыратын үлкен жоба, фильм түсіру тоқтап қалды. Сондықтан қолда бар фильмді көрсетіп отырмыз.

 
Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ:


Кең зал мен үлкен экранды мониторға алмастырғандар көп. Оған дәлел карантин кезінде түрлі стримингтік платформа аудиториясының еселеп өсуі және табысының артуы. Яғни олардың ұсынған фильмін кинотеатрдан емес, тек онлайн сервистен көруге болады. Ол үшін жазылып, ақы төлеуіңіз тиіс. Кейін кинотеатрдағыдай белгілі уақытта емес, қалаған кезіңізде қосып, көре бересіз.

Короновирус көп кәсіптің бағытын бұрды. Ірі кино компаниялар да бейімделді. «Walt Disney» мысалға, жақында түсірілген фильмдерді тек онлайн платформада ғана ұсынды. Ал, онда қазақ тілді қызмет дамымаған. Кинотеатрда қазақша субтитрмен берілген кинолар күйі енді қалай болмақ?

Айымгүл ОРЫНБАЕВА, «БОЛАШАҚ» КҚ ЖОБАЛАР КООРДИНАТОРЫ:

Кинотеатрлық прокатта біздің фильмдер 2-3 апта ғана бола алады. Кейін біз онлайн кинотеатрларға шығамыз. «Disney» компаниясының «Disney+» стримингтік системасы бар. Ол жерде қазақ тілді контенттер көрсетілмейді, көбіне ағылшынша. Біз, шамамен 2 жыл болды «Megogo» және «Ivi-мен» жұмыс істеп жатырмыз.

Ал, пандемия елді екінші толқынымен қорқытып жатыр. Білетін мамандар, ол желтоқсан айында келеді, дегенді айтады. Яғни, кәсіпкерлерді әлі талай қиындық күтіп тұр.

Ә. Өмірзақ