Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Қазақстанда елді-мекендердің тек 24 пайызы ғана газбен қамтылған

AstanaTV
24.11.2020ж. 20:00
1413
Қазақстанда елді-мекендердің тек 24 пайызы ғана газбен қамтылған

Газ бен мұнайға бай Қазақ елінде елді-мекендердің 24 пайызы ғана көгілдір отынмен қамтылған. Бұл ресми дерек. Бас энергетик Нұрлан Ноғаев, бұл көрсеткішті жылдың соңына дейін 53 пайызға дейін көтереміз деп отыр. Көгілдір отын тұтыну елдің экологиялық ахуалын жақсаратуы тиіс. Бұл енді экологтардың сөзі. Табиғат қорғаушылар бекер байбалам салып отырған жоқ. Өйткені, бізде экология тақырыбы күйіп тұр. Әсіресе, Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды мен Павлодарда ахуал мәз емес. Үкімет отырысынан Айя Мүтәлінің репортажы.

"Көмір машақатынан құтылып, жақында көгілдір отынның қызығын көреміз" деп сүйіншілегенімізге де біраз болды. Алайда, әлі күнге дейін ел аумағын толық газбен қамти алмай отырмыз. Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтың дерегіне қарағанда бүгінде елімізде 6 мың ауылдың 4,5 мыңы газға зәру. Елорданың өзіне газдың келгені осы. Әне міне келеді, дегенге талай жыл өткен. Астананың қолы газға енді жетсе басқа өңірлерге неғайбыл. Шығысқа мысалы көгілдір отын мүлдем бармауы мүмкін. Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, онда газ тарту экономикалық тұрғыда тиімсіз көрінеді. Сондықтан сұйық отын құбыры Ресейден тартылуы мүмкін.

Нұрлан НОҒАЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

Қазіргі таңда бұл жобаны жүзеге асыру мүмкіндігін анықтау үшін «ҚазТрансГаз» АҚ мен «Газпром» арасында жұмыс тобы құрылып, бұл мәселе Ресей тарапымен пысықталуда.

Табиғи газдың барлық өңірге бірдей келуі елдегі экологиялық ахуалды да жақсартады, дейді үкімет мүшелері. Бірақ газдандыру мәселесі әлі күнге кешеуілдеп келеді. Жеке үйлердің қолы жеткен газ, жылу қазандықтарына жетпей жатқан көрінеді. Ал, олар отынды өте көп тұтынады.

Бақытжан САҒЫНТАЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Министрліктің қолдауымен қаржы бөлінсе, онда осы Алматы үшін көп көмек болар еді. Өйткені біз қаланы тазалағанымен ЖЭО-3 бар, қала шетіндегі 80 мың үй бар – бәрібір шығарындылардың бәрі қалаға келіп жатыр.

Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев болса, "Алматыны көк түтіннен құтқару үшін мұның өзі жеткіліксіз" деп отыр. Ол, транзиттік жүк көліктері қозғалысын азайту керек, дейді. Бұл оңтүстік шаһарға ғана емес, экологиялық ахуалы нашар өзге өңірлерге де қатысты. Министрдің сөзінше, ең лас қала атағын биыл Павлодар иеленген. Ал, ол «газ келеді» деп "сиынып" отырған аймақтардың бірі. "Түтінге тойып" отырған ірі қалалар арасында Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды сияқты тағы жеті шаһар бар.

Мағзұм МЫРЗАҒАЛИЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ, ГЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ:


Бұл - атмосфералық ауа мен жерүсті суының ластануы, қалдықтарға байланысты жұмыстың жетілмеген жүйесі, сондай-ақ ежелден ластанған жерлер мен көгалдандырудың жетіспеушілігі.

Экологияға түтін ғана емес күл-қоқыс та өз зардабын тигізуде. Ірі қалаларда қоқыс полигондары сұрыпталмай, "бықсып" жатыр. Бұл сұрақпен Үкімет басшысы Асқар Маминнің тікелей өзі айналыспақ. Ол, 6 қалада қоқыс өңдейтін зауыт салынатынын айтып отыр. Премьер жобасы іске асса алдағы жылдары Қазақстан - күл қоқыстан қаншалықты арылар екен?! Көре жатармыз...

А. Мүтәлі