Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Қол жетімді баспанаға халықтың қолы қашан жетеді?

AstanaTV
26.11.2020ж. 20:00
2798
Қол жетімді баспанаға халықтың қолы қашан жетеді?
Қол жетімді баспанаға халықтың қолы неге жетпей жүр? Сенат депутаты Андрей Лукиннің айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасы 3 жыл бұрын бөлінген қаржыны әлі күнге толық игермепті. Соның кесірінен, жарты миллион адам кезек күтіп, сабылып жүр. Жоғарғы палата депутаттары сондай ақ "Дипломмен ауылға", бағдарламасында аямай сынады. "Жастарға жағдай жасалмаған", дейді депутаттар. Сенат отырысынан Айя Мүтәлі тарқатады.  

Айя МҮТӘЛІ, ТІЛШІ:

Сенаторлар бүгін 2 заң жобасын талқылады. Қос құжат артық у-шусыз бірауыздан мақұлданды. Алайда, депутаттарды алаңдатқан мәселе аз емес екен. Олар, Үкіметтің шала-жансар жұмысын жіпке тізіп, Асқар Маминнен жауап талап етті.
 
Қазақтың бас ауруына айналған баспана мәселесін Андрей Лукин көтерді. Мәселе «Нұрлы жер» бағдарламасында. Бір елорданың өзінде 45 мың адам пәтер кезегін күтіп, сабылып жүр. Алматы, Шымкент шаһарларында да осыған ұқсас жағдай. Депутат ел қазынасынан аударылған қаражат тиімді жұмсалғанда, мұндай жағдай болмас еді, деп ашынды.   

Андрей ЛУКИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Бағдарламаға 873,8 миллиард теңге бөлінсе, оның тек 476,8 миллиард теңгесі ғана игерілген. Ал тұрғын үй алғысы келетіндердің саны күн санап өсіп жатыр.  

Бұл проблеманың бергі жағы. Кезегі жетіп, үйлі болғандардың да көңілі жайында емес. Аты айқалап тұрған бағдарламалармен жыл сайын үй салынады. Ал, дау - ай сайын шығып тұрады. «Сырты бүтін, іші түтін» мына үй туралы арнамызда жақында ғана айтылды. Сапасыз салынған үйге қостанайлықтар шағымданған еді.

Елдос ДАСТАНОВ, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Төбеден тамшы ағады. Судың бәрі жертөлеге кіріп, суға толып кетеді.

Сенаторлар «Дипломмен ауылға» бағдарламасына да шүйлікті. Жағдайыңды жасаймыз деген бағдарлама, талай жасты зар қақсатты. Мамандардың мұңын депутат Бекболат Орынбек көтерді. Бағдарлама жастарға мүлдем қолдау көрсетпейді, әсіресе мәртебесі белгісіз қалашықтарда жағдай қиын.

Бекболат ОРЫНБЕКОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:  

Мамандардың жұмыс орны қала статусында болуына байланысты барлық әлеуметтік көмектен шеттетілуде. Бұл жағдай мамандардың ауылдық жерден кетуіне және мамандар тапшылығын одан әрі ұлғаюына әкелуде. Мысалы, Шу қаласына 2017-2018 жылдары келген 6 маманның, 5-уі бюджет есебінен берілетін әлеуметтік көмекті алмауына байланысты жұмыстан кеткен.

Шалғай ауылдарда да жағдай осы. "Ауылға барып алдандым", деген жастардың бірі Бақытберді Жекей. Ол, осыдан 4 жыл бұрын Шортандыға барыпты. Жұмыс бар. Бірақ басқа уәденің бірі жоқ. Мемлекеттен көмек ала алмаған маман ақыры қалаға қайта көшіпті.

Бақытберді ЖЕКЕЙ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Дипломмен ауылға бағдарламасымен ешқандай көмек те, қосымша подъемның деген қаражаты да алғам жоқ. Ол кісілер маған келесі жылы болады,бюджетте ақша жоқ деген сылтаумен әрдайым шығарып салатын.

Айя МҮТӘЛІ, ТІЛШІ:


Осындайда, уәдені үйіп-төккен мемлекеттік бағдарламалардан не қайыр дейсің. Бүкіл ел болып күткен үміттің ақталмай жатқанына кім кінәлі? Сенат депутаттарының бұл сұрағына Үкімет басшысы толық қанды жауап береді деп сенеміз.

А. Мүтәлі