$511.22 €540.05 ₽4.73
×

Жаңақорғандық оқушылар, апатты жағдайда тұрған ескі мектепте білім алып жүр

AstanaTV
27.11.2020ж. 20:00
2092
Жаңақорғандық оқушылар, апатты жағдайда тұрған ескі мектепте білім алып жүр

"Баламыз мектептен келгенше жанымызды шүберекке түйіп отырамыз". Бұл, жаңақорғандық ата-аналардың жан айқайы. Олардың алаңдайтын жөні бар. Өйткені қаладағы №169 мектеп, алты жыл бұрын апатты деп танылған. Алайда, балалар барып оқып жүр. Жаңақорғанды шошытқан мектеп жергілікті шенеуніктерді неге алаңдатпайды? Мөлдір Тоқтасынқызы анықтап көрді.

Кезінде, бұл мектептің құрылысы да үлкен жыр болған. Кеңес заманында ол үш бөлініп салыныпты. Соңғы шегесі 80-ші жылдары қағылған. 370 балаға ықшамдап салынған мектепте осы күнде 1,5 мың бала оқып жүр. Тарлығы өз алды. Ғимарат құлау алдында тұр.

Аллаберген АХМЕТОВ, №169 ОРТА  МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:

39 жылы салынған бір бөлігі, екінші бөлігі 75 жылы, үшінші бөлігі 85 жылы салынған. Мектеп апатты деп танылған 2014 жылы. Типтік емес мектеп негізі.

Онымен қоймай мектеп екі тілді. Мектептің апатты жағдайда тұрғанын жергілікті атқамінерлер жақсы біледі. Өйткені, 6 жыл бұрын өздері сондай шешім шығарған. Жаңа мектеп саламыз деп қаржы сұратты. Республикалық бюджеттен оған 2,5 млрд теңге бөлінген. Бірақ, салынып бітпеген мектеп кейіннен "оптимизацияға" ұшырапты.

Бердияр ПІРІМБЕТОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ ММ-НІҢ БАСШЫСЫ:

Көп әңгіме шығып, қымбат болған соң оптемизация жасадық мектепке. Мектептің қазіргі құны 1 млрд. 970 млн теңге болды. Үнемделген ақшадан соның қасына 300 орындық мектеп салынып жатыр.

Басқарманың сөзіне сенсек, ауданда алдағы жылдары 300 және 600 орындық екі мектеп салынуы тиіс. Шенеуніктердің айтуынша, екі мектеп келесі оқу жылында тапсырылады. Ал, мердігер мекеме болса, қазірдің өзінде мерзімінен кешігіп жатқанын алға тартады.

Бағжан АМАНОВ, МЕРДІГЕР МЕКЕМЕ ӨКІЛІ:

Көктемде карантинге байланысты біраз тұрып қалдық. Қазір жұмыс жүріп жатыр. Біз график бойынша кішкене қалып тұрмыз, көп емес. Алла бұйыртса, оны жетіп қоямыз деген ойдамыз.


Аязға қарамастан жұмыс қыза түсіпті. Осы күнде 70 құрылысшы жатпай-тұрмай жұмыс істеп жатқан көрінеді. Қыста жүріп жатқан құрылыс, ата-аналарды тағы алаңдатты. Енді олар жаңа мектептің сапасына күмәнмен қарайды.

М. Тоқтасынқызы