$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Түркістан облысында құрылысы бітіп қойған үйлер берілмей тұр

AstanaTV
30.11.2020ж. 20:00
2418
Түркістан облысында құрылысы бітіп қойған үйлер берілмей тұр

Түркістан облысында құрылысы аяқталған көпқабатты пәтерлер тұрғындарға тапсырылмай тұр. Себебі Кентау қаласындағы 10 тұрғын үйдің жылу мәселесі шешілер емес. Өйткені әу- баста табиғи газбен жылытылады деп жоспарланған. Бірақ кеншілер қаласында көгілдір отын тарту әлі жүріп жатыр.

Кентаулық Айгүл Құдайбергенова үш баласымен аядай мына бөлмені жалдап тұрады. Жалғызбасты келіншек тоғыз жыл бұрын баспана кезегіне тұрған. Кезегі келіп тұр. Бірақ баспананың бұйырар түрі көрінбейді дейді төзімі таусылған ана.

Айгүл ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА, КЕНТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Осы уақытқа дейін жүгіріп шаршадым. Екі мүгедек балам бар. Өзім толық емес отбасымын. Осы уақытқа дейін бір бөлмелі үйде тұрамыз, екі бөлмелі жалдап тұруға ақшамыздың құны да жетпейді.

Шенеуніктердің мәліметінше, Кентауда 4 мыңнан астам отбасы баспана кезегінде тұр. Бірақ биыл ешбіріне пәтер берілмеген. Құрылысы қазан айында аяқталған 600 пәтер дайын. Бірақ онда жылу жоқ. Мердігер мекеме көгілдір отынға қосатын жеке қазандықтарына дейін әзір деді. Алайда шаһарда газ жоқ. Жергілікті әкім көпқабатты тұрғын үйдің нақты немен жылытылатыны бастапқы жобада көрсетілмегенін көлденең тартты.
 
Дәурен МАҚАЖАНОВ, КЕНТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:
 
Жылу берілгенше пустой тұра береді. Газды нақты қашан беретінін мен қазір айта алмаймын. ТЭЦ-ке қосатын ақша бөлінбеген. Өзіңіз білесіз қазір ТЭЦ қаладағы бар үйлерге қуаты жетеді да, қосымша үйлерді салатын болсақ оның қуаты жетпейді.

Әкімнің сөзінше біткен он үйді орталық жылу қазандығына қосуға артық қаражат жоқ. Ал оны құйылмалы газбен жылыту басы артық шығын болмақ. Табиғи газбен салыстырғанда төрт есе қымбатқа түседі деп отыр. Құрылыс бөлімінің мамандары болса, Кентауға тартылып жатқан табиғи газдан үмітті.  

Орынбек ТЫНДЫБАЕВ, КЕНТАУ ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:
 
Газ құбырлары келіп жатқаннан кейін енді алдағы мақсаты енді перспективада дейді осы қаланың бәрін мысалы мына өздеріңіз Шымкент, басқа қалаларда газбен жылиды ғой , сол сияқты біздің Кентауда да жаңа тұрғызылып жатқан үйлерді, жеке үйлер болсын газбен жылыту сол қарастырылып жатыр. Бұл более экономно и қазіргі неде өмірдің талабына сәйкес нәрсе.

Айта кетейін, Кентау қаласына көгілдір отын тарту жұмысы екі жылдан бері кезең- кезеңімен жүріп жатыр. Бірақ халық қашан оның қайырын көретінін шенеуніктер де дөп басып айта алар емес. Демек Айгүл Құдайбергенова сарыла күткен пәтердің қашан тапсырылатыны да әзір белгісіз.

А. Төребекқызы