Шығыс Қазақстан облысында медицина, мұнай-газ секторы мен рудаларды терең өңдеу және ауыл шаруашылығы саласы бойынша жаңа жобалар қолға алынады. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында өткен жиында мәлім болды. Онда 2015-2019 жылдарға арналған индустриалық-инновациялық дамуы жөніндегі мемлекеттік жоспардың іске асырылу барысы талқыға түсті.
Желтоқсанда «Алтай Кен Байыту» тау-кен кәсіпорнында руданы терең өңдеу өндірісі іске қосылады. Бұл жобаға 5 миллиард теңгеден астам инвестиция құйылды. Осының арқасында балқымалардың өзіндік бағасын арттыруға қол жетпек. Аягөз бен Зайсан аудандарында жыл соңына дейін қос бірдей ет комбинаты пайдалануға беріледі. Әлемдік талаптарға сай шығарылатын өнім бәсекеге қабілетті болмақ. Онға тарта жоба өңірдің өнеркәсіп орындарында қолға алынады. Яғни титаннан медициналық қондырғылар мен компоненттер алынады және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін қондырғылар жасалады.
Жарқын Мұсағалиев, ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
Біз техникалық университетпен
бірге 10 ірі инновациялық жобаны қолға алдық. Құны 10 миллиард теңгеден асады.
Екінші бесжылдықта да инновациялық жобалар іске асырылады. Әрі бұл ауқымды істі
атқаруға «Бизнестің жол картасы» да көмекке келеді.