Қайырымдылық пен волентерлықты - жалпыұлттық сипатқа айналдыру қажет. Пандемия еріктілердің қаншалықты қажет екенін көрсетті. «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры бүгін осындай бастама көтерді. Ұйым төрағасы Исламбек Салжановтың айтуынша, волентерлерге деген әлеуметтік көзқарасты да өзгерту керек. Өйткені, көпшілік еріктілерге тегін жұмыс күші ретінде қарайды. Мұны жою үшін шетелдік жүйеден үлгі алуға шақырады.
Исламбек САЛЖАНОВ, «ALTYN QYRAN FOUNDATION» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Пандемия кезінде көптеген бауырларымыз жанын аямай, халық үшін еңбек етіп, көмектесті. Қайырымдылық жасау қазақта ежелден қалыптасқан әдет. Ата-бабаларымыздан жалғасқан игі бастаманы қазіргі қоғам болып жалғастыруымыз қажет. Ол үшін Үкімет тарапынан да, халық тарапынан да қолдау бар. Тек оны барынша дамыта түсу керек.
Карантин кезінде елде медициналық мекемелер көптеп ашылды. Алайда, препараттар мен жасанды тыныс алу аппараттырының жеткіліксіздігі байқалды. «Шұғыла» қоғамдық қорының басшысы медициналық заттарды сатып алуға қайырымды жандардан 400 миллион теңге қаражат жиналғанын айтты. Мейірхан Әбдірахманов бұл қоғамның қиын кезеңде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара алатындығының көрінісі деп бағалады.
Мейірхан ӘБДІРАХМАНОВ, «ШҰҒЫЛА» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Біз бұл мәселені қалай шешеміз деп ойладық. Оттегі концентратын алу керек болды. Қытайлық өнім арзан екен. Сондықтан, блогерлер және тағы басқа қайырымды азамттарды жинап, қысқа уақытта елге жеткіздік.
Ғ.Өтемісов