Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×
Реклама на сайте

Г. Головкин 2017-ші жылы тағы бір кездесу өткізеді

AstanaTV
18.09.2017ж. 20:00
2961
Г. Головкин 2017-ші жылы тағы бір кездесу өткізеді

Геннадий Головкин жыл соңына дейін өз жанкүйерлерін тағы бір тартысты бокс кешімен қуантуы мүмкін. Бұл туралы қазақстандық боксшының промоутері мәлімдеді. Нақты кіммен жұдырықтасатыны белгісіз, алайда ол желтоқсан айы болуы мүмкін. Спорт әлеміндегі тағы бір жағымды жаңалық - біздің теннисшілер әлемдік элитаға қайта оралды. Спорт әлемінің басты деген жаңалықтарын әріптесім баяндайды.

Бокс сарапшылары Геннадийдің келесі қарсыласы Мигель Котто немесе Билли Джо Сондерос болуы мүмкін деген жорамал жасады. Британдық өзін Triple G мен бокстасуға тас түйін дайынмын деп мәлімдеген. Сондерос жақын күндері Лондонда өткен кездесуінде кіші Вилли Монродан басым түскен. Сол түні Головкин өз карьерасында алғаш рет қарсыласпен «тең» түскенін барша жұрт тамашалаған болатын. Көпшілік қарымта кездесу болатын шығар деп  топшылаған. Мамандар  оны келер жылдың мамыр айында өтуі мүмкін деп жорамалдап отыр. Леффлер болса, Канеллоның командасы бұл жолы келіссөзді сағыздай созбайтын шығар деп үміттенеді.



Қазақстандық теннисшілерде жағымды жаңалық бар. Көпшілік сенбей қарағанымен, біздің спортшылар плей-офф кезеңінде Дэвис кубогының қазіргі иегерлерінен басым түсті. Жақында ғана құрылған Александра Недовесова мен Тимур Хабибуллинің дуэті команданы жеңіске жетеледі. Михаил Кукушкин мен Диего Шварцманның кездесуінен соң, бесінші кезең матчының қажеті де болмай қалды. Қазақстанның үздік ракеткасы 3 кездесуді де жеңіп, аргентиналықты ыңғайсыз жағдайда қалдырды.

Михаил Кукушкин, теннистен Қазақстан құрамасының мүшесі:

Дэвис кубогы расыменде ерекше жарыс. Мен мұнда өзімнің қолымнан көп нәрсе келетінін сезінемін. Оның үстіне өз үйімізде өткен ойын қанаттандыра түседі. Мен де, командам да осындай жарқын жеңісті сақтап, жалғастыра аламыз деп сенемін.

Мемлекет басшысы Қазақстанның теннистен ерлер құрамасын Дэвис Кубогінің қазіргі чемпиондарына қарсы өткен ойында жеңіске жетуімен құттықтады. Осы үздік турнирдің әлемдік тобына өтуіне орай арнайы құттықтау жолдады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Сіздердің мықты қарсыласпен бәсекеде табандылықпен жеткен жарқын жеңістеріңіз еліміздің спорт жылнамасындағы айтулы жетістік болып отыр. Қайсарлық пен қайрат-жігерлеріңіздің арқасында Қазақстан теннис мектебінің жоғары деңгейде екенін тағы да бір таныттыңыздар.»

Елбасы құрама мүшелеріне зор денсаулық тілеп, спорттың жаңа белестерінде табысқа жетулеріне ниеттестік білдірді. Бұл күні тек Михаил Кукушкин емес, Зарина Диастың да мерейі үстем болды. Ол WTA турнирінде алғашқы кезеңін жеңіспен аяқтады. Токиода Зарина Диас әйелдер арасындағы ашық турнирде жеңіске жеткен. Финалда корт қожайыны Мии Катодан 6:2,7:5 есебімен басым түсті. Әйелдер арасындағы рейтингте жерлесіміз бірден 37-ші сатыға көтерілді.