Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Павлодарда жол апатынан 5 адам көз жұмды

AstanaTV
21.12.2020ж. 20:00
1606
Павлодарда жол апатынан 5 адам көз жұмды

Аяз қаһарына мініп, көк тайғақ басталғалы  өңірлерде жол апаты көбейді. Павлодарда бір жол апаты 5 адамның өмірін жалмады. Ал, Шымкент пен Атырауда жол көлік оқиғасынан 4 адам мерт болды. Елордада өткен біт түнде 80 жол апаты тіркеліпті. Өзгеріс Қуанардың репортажы.

Қайғылы оқиға "Павлодар-Қызылорда"  тас жолында болған. Жүйткіп келе жатқан екі көлік бет-бетпе соғылып, салдарынан «Лада гранта» көлігінде отырған 5 жолаушы оқиға орнында көз жұмды.

Жасқайрат ҚАЙЫРОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Жол көлік оқиғасы салдарынан «Лада гранта» автокөлігінде болған 5 адам оқиға орнында қаза тапты. Қазірша уақиғаның мән-жайы анықталуда. Полиция ауа-райын байланысты жол ережесін қатаң сақтауға және алыс сапарлардан бас тартуға сұрайды.

Ал, Түркістан облысында көк тайғақтың кесірінен 2 көлік аударылды. Бұл соңғы тәулікте тіркелген жол көлік оқиғасы. Полиция департаменті деректеріне қарағанда, 3 күн ішінде 5 жол апаты болып, екі адам қаза тапқан екен.

Алмасхан ТАСТАНБЕКОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ:

 
Әсіресе, мына республикалық маңызы бар жолдарда үлкен жүк көліктері кептеліс туғызып, өздері аударылып, 2 адам қайтыс болып жатыр. Осыған байланысты облыс тұрғындарынан мейілінше жылдымдықты бәсеңдетіп, тиісті бұрылыстарда немесе жоғары биікке шығар түсер жерлерде  жылдамдықты бәсеңдетіп жүруге аса мұқият болуға шақырамын.

Атырауда да көлік апаты аз емес. Қатты жылдамдықпен келе жатқан көлік аударылып, салдарынан 32 жастағы жігіт пен оның 38 жасар әпкесі мерт болды. Көлікте марқұмдардан бөлек, 4 бала болған екен. Шүкір, олар дін аман.

Гүлнәзира МҰХТАРОВА, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Оқиға қатысты сараптамалар тағайындалды. «Көлiк құралын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралын пайдалану қағидаларын бұзуы» бойынша  сотқа дейінгі тергеп тексеру  жүргізілуде.

Ал, Нұр-Сұлтанда бір күнде 80-нен аса жол апаты тіркелді. Ал, синоптиктер болса алдағы күндері де күн райы қолайсыз болатынын болжап отыр. Бүгін 7 аймақта дауылды ескерту жарияланды. Солтүстікте аяз күшейсе, оңтүстікте қатты боран соғуы мүмкін.

Ө. Қуанар