Қазақстан халық партиясының өкілдері, үгіт-насихат жұмыстарымен Өскемен қаласындағы жастармен кездесті. Алдымен ел болашағы-жастарды толғандырған мәселелерді тындады.
Тараптар ортақ мәселелерді талқылады. Дипломы бар жас мамандар жұмыс таба алмайтындарына шағымданды. Олар күні кеше оқу бітірген түлектен, жұмыс берушілер еңбек өтілін талап ететінін жеткізді. Сондықтан дипломы бола тұра, басқа саланы таңдауға мәжбүр деді. Ал, студенттер оқу ақысының тым жоғары екенін тілге тиек етті. Осының салдарынан мектеп бітірушілер көрші елдердегі жоғарғы оқу орындарын құп көреді. Қазақстан халық партиясының өкілдері жағдайдан хабардар екендерін айтты. Бұл мәселелерді шешу жолдарын өздерінің сайлауалды бағдарламасына енгізіпті. Ең бастысы кез-келген жас білімді болуға ұмтылу қажет деп отыр.
Ирина СМИРНОВА, «ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ ПАРТИЯСЫНЫҢ» МҮШЕСІ:
Кез-келген мемлекетте білім саласы жүйе құрушы, яғни бастаушы болып табылады. Егер білім болмаса, ешқандай бастамада сапа да болмайды. Яғни білімсіз елдің болашағы бұлыңғыр. Кейін шетелден мықты деген мамандарды шақыруға мәжбүр боламыз. Оларға біздің мамандармен салыстырғанда 10 есе көп қаржы жұмсаймыз. Сондай-ақ шетелде емес, өзіміздің елде де сапалы білім алуға мүмкіндік жасауымыз қажет. Білім саласына үлкен басымдық беріп, осы бағытта жұмысты күшейтуіміз керек.
Сондай-ақ жастар шығармашылықты шыңдауға еркіндік жоқ деп санайды. Айтуларынша телевизияға арналған отандық өнім жасау, оны ұсыну мәселесі бізде күрделі. Фильм түсіру, сценарий жазуда да проблемалар бар. Студент-жастардың мәселесін тыңдап, өз бағдарламаларын ұсынған партиялықтар келешекте бірлесіп шешуге уәде етті.
Ә. Өмірзақ