Торғай даласында, атақты Амангелді ауданында Кейкі батырдың бас сүйегі арулап жерленді.
Оқушы кезімде оқыған кітаптардың ішінде Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» деген кітабы есімде қалған. Болады ғой, адамның жадысына жазылып қалатын... Кейкі батыр туралы роман екенін әрине, кейін білдім. Құлан Кейкі батырдың Тасты өзенінің бойындағы кесенесін салушы Әубәкір Қылышбайұлының мәрмәр тасқа қашап жазған өлеңінде былай деген екен:
«Сұлтан қайда, сүйегін қорлатпайтын,
Мен қазақтың боздауық қара шалы.
Боздағаннан қалмаған басқа амалы.
Кейкі атаның сүйегін жинай алмай,
Өлмеген соң әйтеуір жүрген әлі.
Сұлтан қайда, сүйегін қорлатпайтын...»
Енді Кейкі батырдың зираты бар. Ол күрескен Ұлт азаттығы да бар. Бар, бар...
Жерлеу рәсіміне жан-жақтан жиналған жұрттың қарасы көп. Тарихи сәтке куә болу үшін Торғай атырабындағы ағайын таңмен таласа Тасты өлкесіне қарай ағылды. Арнайы ат терлетіп, алыстан келгендер де бар. Кейкінің бас сүйегі кесене тұрғызылған жерге арнайы көліктермен жеткізілді. Батырдың рухына дұға бағышталған соң бас сүйек жер қойнына тапсырылды. Қабірге қас баһадүрдің қаны төгілген Жалаулы қонысынан әкелінген топырақ салынды.
Серік Ақылбай қоғам қайраткері, КЕЙКІ батырдың ұрпағы:
Атамыздың бас сүйегі елімізге келді. Бұл егеменді еліміздің, Елбасымыздың беделі. Сондықтан бүкіл Торғай, қазақ халқы қуанып жатры. Бұл бізге үлкен рух береді. Рухани жаңғыруға қосқан үлкен үлес деп санаймын. Жастардың рухын көтеріп, өзінің, ұлтының кім екенін, заманы мен елінің қандай екенін көрсетеді деп білемін.
Кесене салынған жер - Арқалық қаласынан 65 шақырым қашықтағы Торғайға баратын тас жолдың бойы. Аманкелді ауданына қарасты Тасты ауылының тұсы. Бұл - Кейкі батырдың атақонысы. Құрлысқа қажетті 70 млн теңге ерікті түрде демеушілерден жиналды. Дулыға пішіндес 16 қырлы дөңгелек кесененің биіктігі 15 метрге жуық. Бір ерекшелігі кірпіштерді қалауға сиыр сүтінің сарысуы пайдаланылған.
Қазақ даласын дүр сілкінткен – 1916 жыл. Осы тұста алаш баласы азаттық үшін атқа қонды. Өр Торғайдың төсінде өткен талай ерлер патшалық Ресейдің отаршылдық езгісіне қарсы ашық айқасқа шықты. Бұғалыққа көнбеген, ақтық демі біткенше арпалысып, жауымен жағаласып,қайсарлық танытқан жаужүрек батырлардың арасында Кейкі Көкембайұлы да бар еді.
Заңғар Санай, тілші:
Халық арасында «Аманкелді көз мерген, Кейкі қол мерген» деген сөз айтылады. Ақиқатында Амангелді сардар көздеген нысананы ешқашан мүлт жібермеген болса, Кейкі кез-келген нысанды атпен шауып та, жаяу жүгіріп келет жатып та атып түсіретін атақты мерген болған.
Мұхамедрахым Спандияров, КЕЙКІ батырдың туысы:
Бірде батыр киіз үйде отырғанда жеңгелері "Әй, ұл, сен мергенсің ғой, қане ана көлдегі үйректі атып түсірші» дейді сынамақ болып. Сонда Кейкі киіз үйдің есігінен қарамай –ақ көлдегі үйректі атып түсіріпті.
Шөптібай Байділдин, Кейкітанушы:
Кейкінің жеңгесі болған Бекен деген кісінің кемпірі.Сол кісі айтатын «Қайным маған аттың тілін түсінетіндей көрінуші еді. Аты ысқырса жетіп келетін, жат десе жатады, тұр десе тұрады. Өте қарулы еді. Қарды соқталап лақтырғанда киізді тесіп жіберетін.
Заңғар Санай, тілші:
Торғайдың ұлан байтақ даласында,
Жыланшық Жалдаманың арасында,
Керемет Кейкі деген батыр өткен,
Қазақтың ондай жан жоқ баласында!
Кейкі жас кезінде болыстың малын қорып, дұшпандарына аттандыратын адамдарының бірі болған. Өңірде оның жылқышы аты да дүркіреп тұрыпты. Қарулы жігіт талай рет түнде жортып келген барымташылармен белдесіп, қарымтасын қайтарып, шыңдалып өскен.
1916-шы жылы патшаға қарсы атқа қонған Кейкі, 20-сыншы жылдары қызылдарға да қарсы соғысты. Себебі ол кеңес үкіметін де қазаққа жау санады. Мергеннің соңына шырақ алып түскен қызыл чекистер, ақыры оны қапыда мерт етті. Елдің үрейін тудыру үшін басын кесіп алып Торғай қаласының орталық алаңына сырыққа іліп қойған. Кейін бас сол кездегі Қазақстанның астанасы Орынборға, одан әрі Ленинградқа жөнелтілген. Азаттық жолында шейіт болған батырдың денесін арулап жер қойынына тапсыруды бүгінгі ұрпақ өзіне парыз санап келген еді.
Зиябек Қабылдинов, Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология инстиутының директоры:
Бүгінге күнге дейін Кейкі батыр секілді басы өз тарихи отанына оралып, осындай құрметпен, қошеметпен жерленіп жатқан оқиға болған жоқ. Бірақ Ресейдің мұражайларында талай қазақ мықтыларының бастары жатыр. Соның ішінде Хан Кенесары бар, басқалары бар.
Кейкі Көкембайұлы 1873 жылы Торғай уезі, Қайдауыл болысында дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты – Нұрмағанбет, руы – құлан қыпшақ. Көп кісіге қосылмай кейкиіп жүретін болғандықтан жеңгелері «Кейкі» атап кеткен. Сөйтіп, ел арасына «Кейкі» атымен танылған. Кейкі батыр ғұмыры ғылыми тұрғыдан әлі зерттелген жоқ. Ғалымдар оның өмірі алдағы уақытта түбегейлі зерттелетініне сендіріп отыр.
Заңғар Санай «Біздің уақыт».