Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Дауыс берушілердің 67,4 % сайлауға баруға дайын, - "Астана-Зерттеу" қоры

AstanaTV
04.01.2021ж. 20:00
2988
Дауыс берушілердің 67,4 % сайлауға баруға дайын, - "Астана-Зерттеу" қоры

Сайлау қарсаңында «Астана» телеарнасы «Астана-Зерттеу» қоғамдық қорына өз қаражаты есебінен екінші рет әлеуметтік сауалнама жүргізуге тапсырыс берді. Желтоқсанайының 25 мен 30-ы аралығында мамандар халықтың электоралды көңіл-күйін зерттеді. Қатысушылар сауалнамадағы дайын қысқа сұрақтарға жауап берді.


Сауалнамаға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және еліміздің 14 облысынан 6800 респондент қатысты. Қателік коэффициенті 2,1%.  

«2021 жылғы 10 қаңтарда Мәжіліс және мәслихаттың барлық деңгейіндегі депутаттарды сайлауы өтеді. Сіз бұл жөнінде білесіз бе?» - деген сауалға респонденттің 87,9 пайызы сенімді жауап берген. Сауалнама қорытындысына сәйкес ауыл тұрғындарының 90,4 пайызы сайлау өтетіні жайлы хабардар екенін жеткізген. Ал қалалықтардың үлесі 86,2%.   

Бір қызығы әйелдер қауымы сайлау жөнінде көбірек білетін болып шықты. Пайыздық үлесі – 88. Ал ер адамдар  87,7 пайызды еншіледі. Бұл көрсеткіш 46 жастан жоғары ел тұрғындарын құрайды.  

«2021 жылғы 10 қаңтарда өтетін сайлауда дауыс бересіз бе?»деген сұраққа сауалнамаға қатысқандардың 67,4 пайызы оң жауап берген. Дауыс беруге дайын екенін білдірген қазақстандықтардың үлесі  9,3% артқан. Әуелдегідей ауыл тұрғындарының арасында электоралдық белсенділік тым жоғары. Ауылдықтардың 75,8% дауыс беруге ниетті.  Ал қала көрсеткіші 61,8 пайызға тең.

«Сіз немесе Сіздің отбасы мүшелері қандай саяси партияның кандидатымен, сенімді өкілімен, насихаттаушысымен кездесті?» деген сауалға 62,9 пайызы жолыққанын білдірген. Респонденттің 80,5% «Nur Otan» партиясының өкілдерімен кездескенін атап өтті. Ал 14,2% және 11,9% - «Ақ жол» мен Қазақстан халық партиясына тиесілі. Сауалнамаға қатысқандардың 10,9 пайызы  «Ауыл» партиясының мүшелерімен кездессе, респонденттердің 7,9 пайызы  “Adal" өкілдерімен кездескенін атапты.

«Қай саяси партияның үгіт-насихат материалдарын көрдіңіз?» деген сұраққа респондеттердің 82,2 пайызы «Nur Otanды» нұсқаған. 16,9 пайызы және 15,4 пайызы «Ақ жол» партиясы мен Қазақстан халық партиясын атаған. 13,6% және 7,4% респондент - «Ауыл» мен «Adal» партиясының үгіт-насихат материалдарын көзі шалғандарын жеткізіпті.

«Егер сіз 2021 жылғы 10 қаңтарда сайлау учаскесіне келген болсаңыз, қай партияға дауыс берер едіңіз?» деген сұраққа 73,7 пайызы «Nur Otanды» таңдайтынын білдірген. Қатысушылардың 6,8% және  6,4% сәйкесінше  «Ақ жол» мен Қазақстан халық партиясына дауыс береміз деген. Бұдан кейін 4,5 пайызбен «Ауыл» партиясы аталса,  соңында 3,4 пайызбен «Adal» тұр. Әйтседе респонденттердің 5,2 пайызы әлі таңдау жасап үлгермеген.

«Астана» телеарнасының тапсырысы бойынша «Астана-Зерттеу» қоғамдық қоры екі рет әлеуметтік сауалнама жүргізді. Ал дауыс беру күні экзитпол өткізеді.  

З. Санай