Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Павлодар облысында фермерлер жерге таласып жатыр

AstanaTV
08.01.2021ж. 20:00
2512
Павлодар облысында фермерлер жерге таласып жатыр

Павлодар облысында тағы жер дауы. Бұл жолы 500 гектар жерге екі фермер таласып отыр. Біреуі, жер комиссиясы жариялаған конкурстан ұтылып қалып шу шығарса, екіншісі сол конкурстың нәтижесі қайта қаралатынына наразы. Кәсіпкерлер арасындағы дау туралы Өзгеріс Қуанар әңгімелейді.

Шарбақты ауданында бұл даудың жүргеніне 3 айдан асты. Кәсіпкерлер 500 гектар жерге таласып қалған. Сергей Юсин елден бұрын қимылдап тиісті құжаттарды күні бұрын өткізіп қойыпты. Алайда, конкурсты басқа кәсіпкер ұтып кетіпті.

Сергей ЮСИН, ШАРУА ҚОЖАЛЫҚ БАСШЫСЫ:


Мен ол жерді көптен бері сұрап жүргенмін. Өйткені, мал шаруашылығын дамытып, сүт фермасын салу жоспарым болды. Және суармалы жерді де арттырғымыз келген. Неге екені белгісіз, жер комиссиясы ол участокты 130 шақырым алыста тұратын басқа ауылдың фермеріне берді. Біздің ұпайымыз жетпей қалды – деп ештеңе түсіндірмеді.


Аудандық жер қатынастары бөлімінің үстінен арызданып фермер, кәсіпкерлер палатасына барған екен. Одақ, конкурста заң бұзушылықтың болғанын аңғарыпты.

Серік ӘУБӘКІРОВ, ӨҢІРЛІК КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Біріншіден, жерді бөлу кезінде комиссия екі шаруашылықтың ұпайы теңескенде, шешім шығару үшін ашық дауысқа салу керек болған. Ол, жоқ. Екіншіден, фермердің инвестициялық әлеуетін, қанша жұмыс орнын құра алатындығын және қанша бас малы бар екенін ескеру керек еді. Алайда, құзырлы орган оның бәрін есепке алмаған. Яғни, жерді бөлу талаптарын сақтамай отыр. Оған қоса комиссия бұл шешімді 1 ай ішінде жойып, қайта конкурс өткізуі тиіс еді. Ол талап та уақытылы орындамады.


Ал аудандық жер қатынастары бөлімі болса, конкурстың заңға сай әділ өткенін айтады.

Қабдолла ОМАРОВ, ШАРБАҚТЫ АУДАНДЫҚ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Конкурс нәтижесі бойынша "Телегенов" шаруа қожалығы жеңімпаз деп танылды. Өйткені, ол конкурстың ең жоғары 41 ұпайын жинады. Ал "Зерновой" қожалығында мал басы толық көрсетілмеген. Құжаттары толық болмады. Шешімді комиссия шығарғандықтан, ешкім жазаланған жоқ.

Дегенмен Сергей Юсиннің шағымынан кейін, басқарма конкурс нәтижесі жойып отыр. Екінші отырыстың қашан өтетіні әзірге белгісіз. Бұл шешім енді екінші кәсіпкердің наразылығын тудырды. Қайрат Телегеновтың айтуынша, Юсин оған қысым көрсетіп жүрген көрінеді...

Қайрат ТЕЛЕГЕНОВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҚ БАСШЫСЫ:

Мен қағаздардың бәрін тапсырдым как положено ойнаттым бәрін. Конкурста мен ұтып алдым по закону. Жерді ұтып алған соң мені қорқытып, мен саған жұмыс істеуге бермеймін. "Үйтем, бүйтем қырам жоям", деген сөздерді жіберіп жатыр.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:


Қалай болғанымен шенділерге екі кәсіпкердің де "өкпесі қара қазандай". Қайрат Телегенов "екі сөйлеген" бөлім үстінен шағым жазып, сотқа арызданбақ. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Мұны енді сот шешеді.


Ө. Қуанар