Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×
Реклама на сайте

Ақсу қаласында бүтін бір шағын аудан тұрғындары жылуға жарымай отыр

AstanaTV
13.01.2021ж. 20:00
2017
Ақсу қаласында бүтін бір шағын аудан тұрғындары жылуға жарымай отыр

Павлодар облысының Ақсу қаласында бүтін бір шағын аудан тұрғындары жылуға жарымай отыр. Көпқабатты үйлер аяз басталғалы пана болмай кеткен. Жергілікті шенділер мәселені білгенмен, шешуге құлықсыз көрінеді. Амалы таусылған тұрғындар арнамыздан көмек сұрап, хабарласты. Әріптесім Өзгеріс Қуанар жағдайды біліп қайтты.

90-ға жақындаған тыл ардагерінің көрген күні осы. Пәтері пана болмай тұр. Үйде қалың киіммен жүруге мәжбүр. Мәселесін айтып бармаған жері, қақпаған есігі қалмағанын айтады. Алайда, ешқайсысынан нәтиже болмапты.

Мазиза ЯМАЛИДЕНОВА, АҚСУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Үй суық. Киім киіп ұйықтаймын. Пима киіп ұйықтаймыз, балам. КСК-ға барып айтып айтып қажыдым балам. Айта-айта. Енді кімге барайын. Баламда айтты. Баламды да тыңдаған жоқ. Мына батерей жылы деп айтып кетеді. Батерей жылы емес. Үшке дейін тұрады да, совсем суып қалады мына батерей.

Дәл осындай жағдай Мазиза әжей тұратын шағын аудандағы көпқабатты үйлердің барлығыда бар. Бұқара аяз келгелі пәтерлерінде бүрсең қағып отырғандарына ашулы. Айтуларынша бұған дейін мұндай мәселе болмапты. Не себепті жылуға жарымай отырғандарын түсіне алар емес.  

Татьяна БАУЛИНА,  АҚСУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Үйіміз суық. 17-19 градус ғана. Аязды күндері тіптен, қатып қалдық.  Ешкім  мәселемізді шешкісі келмейді. Барлығы бір-біріне сілтеп отыр. Не істейтінімізді білмейміз.


Александр ВЕРИНИКОВ,  АҚСУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына да жүгіндік. Олар келіп тексеріп кетті. Үйде  жылудың мардымсыз екенін растады. Бірақ, еш әрекет жоқ. Мәселені шешуге құлықсыз секілді.

Ал меншік иелерінің бірлестігі кінә бізден емес - деп ақталды. Жылу орталығынан келген жылу барлығына бірдей беріліп жатқандарын айтты.

Виктория ТРИБАЙЛО, МЕНШІК ИЕЛЕРІ БІРЛЕСТІГІ ӨКІЛІ:


Жертөледегі жылу құбырын ауыстыратын боламыз. Бізге жылу орталығының берген нұсқауы осы болды. Ал неге жылынбай жатқанын біз білмейміз.

Жылуға жауаптылар болса, мәселе жоқ деп отыр. Барлығына жеткілікті мөлшерде жылу жылдағыдай беріліп жатқанын жеткізді.

Валерий АФАШИН, "АҚСУ ЖЫЛУ СЕРВИСІ" КӘСІПОРЫНЫНЫҢ БАС ИНЖЕНЕРІ:

Қазіргі уақытта қазандық белгіленген кесте бойынша жұмыс істеп тұр. Жылу құбырларында ақау жоқ. Тек бұл үй бойынша ішкі құбырларда проблема бар сияқты. Бұны пәтер иелері кооперативімен бірге реттейміз.

Ал жергілікті шенділердің айтар өз уәжі бар. Олардың пайымынша көпқабатты үйлердің жылынбауына қатты аяз себеп болған.   

Динара ЗАЙСАНОВА, АҚСУ ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:

2-3 апта бізде қатты аяз болды. Соның салдарынан үйлер салқындап кетті. Өйткені, үйдің қабырғалары қатты аязда қатып қалды. Енді аяздың беті қайта бастағанда қабырғаның арасында тұрған суық үйге кіріп жатыр.  

Аяз басталағалы бері Ақсу тұрғындарынан 40-қа тарта шағым түскен. Аталған шағым бойынша арнайы комиссия үй- үйлерді аралап, жылу мөлшерін анықтамақ. Тексеру қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылданбақ.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Ал шенділер тұрғындарды қайта есептеу жүргізіледі – деп жұбатып отыр. Бірақ, бұл жұбату жаураған жандарды жылата ала ма? Ол жағын айту қиын.


Ө. Қуанар