Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Атырауда жылуға келген түбіртек жұрттың ашуын туғызды

AstanaTV
13.01.2021ж. 20:00
1980
Атырауда жылуға келген түбіртек жұрттың ашуын туғызды

Жылу бағасы неге қымбат? Атырауда жылуға келген түбіртек жұрттың ашуын туғызды. Нұрсая ықшам ауданы тұрғындары өз көздерінен өздері сене алар емес. Оларға  жылу ақысы әдеттегіден 3 есе артық келіпті. Халық мардымсыз жылу үшін қомақты қаражат төлеуге түбейгейлі қарсы.

Інжу Тілекқабылқызы пәтері салқындаған соң, бір бөлмеге тығылып, электр пешін қосуға мәжбүрмін дейді. Сәбиі тоңып қалмасын деп қалған бөлмелердің есігін тарс жауыпты. Бірақ коммуналды түбіртекті алғалы мазасы қашқан. Өйткені жылуға әдеттегіден үш есе артық қаржы төлеу міндеттеліпті. Өзге тұрғындарда осыны айтып отыр. Қалтаны қаққан төлемге қатысты жылу беруші мекеме ешқандай түсіндірмегенін жарыса айтты.  

Шолпан БАЙҚҰТОВА, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біз түсініп жатан жоқпын. Неге 16 мың теңге келеді?  Қарашада 5 мың теңге болса. Үй ыссы емес,  қоңырсалқын. Үйде ипотекамен алған жас семьялар көп. Балалармен. Олар пеш жағып отыр. Олар 21 мың теңге төлеп пеш жағатын болса, онда бізге жылудан бас тарту керек шығар деп ойлаймын.

Сейдеғали СЕЙІТОВ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

1 бөлмелі пәтеріміз шамамен 45 шаршы метр. Желтоқсанға 11 мың теңге шықты. Қарашада 4000  мың теңге төледік. Тарификация кей үйлерде тіпті үш есеге дейін қымбаттап кетіп тұр. Менің ойымша  есептегіштерді, жалпы  жылу есептегіштер қалай жұмыс істейді соны тексеру керек. Әйтпесе  қазір беріп отырған температурға халық осынша қымбат қаржыны төлей алмайды.

Тұрғындар бұған дейін пәтер иелері кооперативінен де, жылу электр орталығы мамандарынан да жарытып жауап ала алмаған. Алайда тілшілердің келетінін естіді ме, жауаптылар, тіпті қала әкімінің қос орынбасары да жиналғандарға шақыртусыз өздері келді. Келе жұртты сабырға шақырып, тариф қымбаттамағанын жеткізді. Тек ауа-райы салқындағандықтан, жылуды көп тұтынғандарын айтты.

Алла КАНЦЕВА, «АТЫРАУ ЖЫЛУ ЭЛЕКТР ОРТАЛЫҒЫ» АҚ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Жалпы есептегіш құралы ауа райына байланысты есептейді. Пайдаланған жылу барлық пәтерге бірдей бөлінеді. Бұл жерде адами фактор болуы мүмкін емес. Біз 20 градустан жоғары ұстаймыз. Күн салқындаған кезде пәтер салқындамасын деп жылудың градусын көтереміз. Кешеден бері 10 шақты арыз түсті. Әр тұрғынның шағымын жеке қарап, есептеп бере аламыз.

Жұмабек ҚАРАЖАНОВ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Қазіргі таңда 8-9 қабатты тұрғын үйлердегі жалпы үйлік есептегіш барлардан ғана шағым көтеріліп отыр. Адами фактор болу мүмкін деген айтып жатыр. Ондай факт болатын болса, бұлар қайтадан есептеп, бағасын түсіріп береді.

Тұрғындар есептеуде қате кеткеніне сенімді. Себебі  өлемі бірдей үш бөлмелі пәтерлерге әртүрлі төлем келген.

Жәнібек РАХМАНОВ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 
Маған 22 800 шықса, біреуге 19 мың , біреуге 21 мың. Бірақ бәрінде 3 бөлме. Бәрімізде бірдей емес,  есептегіштен алады да барлық пәтерге бөліп тастайды,- дейді. Бөлсе дұрыстап бөлмей ме?  Тең қып, үш бөлмеге бірдей қып, 2 бөлмеге басқаша қып.

Айта кетейік, аймақта 1080 көпқабатты пәтер бар. Олардың жартысына жылу есептейтін құрылғы орнатылған. Әкімдік әзірге 3 мөлтекауданнан шағым түскенін айтады. Ал тұрғындар қаңтар мен ақпандағы күн райы жалақымыздың жартысын қағып кете ме деп қауіптеніп отыр.

Б. Нәдірқызы