$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қызылжарда көмір тапшылығы пайда болды

AstanaTV
14.01.2021ж. 20:00
3264
Қызылжарда көмір тапшылығы пайда болды

Солтүстік Қазақстан облысында көмір тапшы. Жергілікті халық Қаражыра мен Шұбаркөл көміріне қол жеткізе алмай отыр. Ал, шенеуніктер болса, "Бұл уақытша көрініс. 2-3 күнде аймаққа көмір жеткізіледі деп отыр. Қысы қатты теріскейден Абзал Құрманкин әңгімелейді.

Николай Петров екі қабатты зәулім үйін жылыту үшін бір қыста 25 тонна көмір жағады екен. 15 тоннасын күзде түсіріп алған. Енді тағы 10 тонна қажет. Алайда, аймақта көмір тапшылығы басталып, үй иесі отынды қайдан аларын білмей отыр.

Николай ПЕТРОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Мына көмірім бір-екі аптаға ғана жетеді. Қоймаларды аралап шықтым. Барлығы қаңырап бос тұр. Дефицитті қолдан жасап отырма деп ойлаймын. Вагондардың келуін аңдып отырмыз. Көмір келмесе ағаш жағуға тура келеді.


Қысы қытымыр - солтүстікте көмірді көп тұтынады. Әсіресе, Шұбаркөл мен Қаражыра қара отыны сұранысқа ие. Жылуды ұзақ сақтайтын қатты отын болса аймақта тауысылып барады. Қоймалардың дені осы күннің өзінде қаңырап бос тұр.

Дмитрий БЛАГИНИН, КӨМІР ҚОЙМАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:


Көмірдің үздіксіз жеткізілуі күн райы мен темір жол компанияларына байланысты. Екі күн бұрын біздің қоймада 500 тонна көмір бар еді. Ол жарты ақ күнде таусылып қалды. Енді жаңа партияны күтіп отырмыз.


Жергілікті билік болса, аймақта көмір сұранысы 96 пайызға қамтылғанын айтып отыр. Көмір тапшылығы - уақытша көрініс көрінеді. "Қоймалар қара отынға 1-2 күнде толады", дейді коммуналды шаруашылық басқармасы өкілдері.

Азамат БЕКТАСОВ, СҚО ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ – КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Аймақта дефицит жоқ. Петропавл темір жол станциясына Қаражыраның 4 мың және Шұбаркөлдің 700 тонна көмірі келеді. Олар бірден қоймаларға жеткізіледі. Осы уақытқа дейін ешкімнен арыз-шағым келіп түскен жоқ. Бұл мәселе біздің басқарма бақылауында. Жалпы, біздің өңірге жыл сайын шамамен 393 мың тонна көмір қажет. Бүгінде оның 366 мыңы жеткізілген.


Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

 
Көмір тапшылығы Қызылжарда жылда қайталанатын проблема екені айта кеткен жөн. Жергілікті тұрғындар, "Көмір дефициті қолдан жасала ма?" деп күдіктенеді. Өйткені, өткен жылы дәл осындай тапшылықтан кейін көмір бірден 4 мың теңгеге қымбаттап кеткен. Биыл әзірге, бағаның күрт өсуі байқала қойған жоқ.


А. Құрманкин