Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Ақтөбеде азық-түлік бағасы шарықтап кетті

AstanaTV
15.01.2021ж. 20:00
2569
Ақтөбеде азық-түлік бағасы шарықтап кетті

Ақтөбеде азық-түліктің бағасы шарықтап тұр. Әсіресе, қант, жұмыртқа, сұйық май едәуір қымбаттаған. Арнайы мекемелер әлеуметтік маңызы бар тауарларды қымбаттатқандарға қатысты тергеуді бастады. Егер қолдан жасалған қымбатшылық болса, айыппұл салынбақ. Аймақтағы жағдайды Бақыт Рахметова жеткізеді.

Өңірдегі азық-түлік бағасының құбылуы, өткен жылдан басталған. Бір жыл ішінде қант 56 пайызға, қарақұмық 40 пайызға, күнбағыс майы 31 пайызға қымбаттапты. Бұқара: "басқа-басқа - тамақ алуға қаражаттың жетпей жатқанын" айтты.  

БЛИЦ:

- Пенсияға 7 пайыз қосып еді. Бәрі қымбаттап шыға келді. Почти 2 есеге қымбаттады. Жұмыртқа деген 30 теңге еді, қазір 60-70 теңге біз жақта. Көкөніс бәрі қымбат. Былтыр картоп 60 теңге еді. Биыл 160 теңге. Халықтың жағдайын ойласа осылай бола ма мынау?

- Шемішкі май 5 литрі 3 мың теңге бұрын 2 мыңға алатын едік. Жұмыртқа 500 теңге болды ғой. Табысы аз 60-70 мың алатындарға қиын. Әрине жетпейді.


Қымбатшылықты, арнайы мамандардың жүргізген талдау да растаған. Олардың зерттеуінше азық-түліктің бағасы, әсіресе әлеуметтік маңызы бар тауарлар желтоқсан айында 4 пайыздан - 12 пайызға дейін өсіп кеткен.    

Шара НҰРПЕЙІСОВА, ҰЛТТЫҚ СТАТИСТИКАЛЫҚ БЮРОCЫ АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:


Желтоқсан айының аяғынан бастап 2020 жылдың қарашасымен салыстырғанда бағаның өсуі байқалады. Күнбағыс майы -12,3 пайызға, қант-4,6 пайызға, жұмыртқа 3,4 пайызға, рожки-1,4 пайызға, қарақұмық жарма 1,2 пайызға.


Жергілікті атқамінерлер болса, қарап жатпағандарын жеткізді. Қаладағы ірі сауда орындарымен бағаны тұрақтандыру туралы меморандумға қол қойғандарын айтады. Азық бағасының күн санап өсуін олар өндірушілердің бағаны көтеруімен байланыстырып отыр.

Нұрхан ТІЛЕУМҰРАТОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Қант бойынша облыста өндірісі жоқ. Қазақстанда тек екі өңір Жамбыл облысы мен Алматы облысында олардың өңдіру көлемі республиканы қамтуға келмейді. Біз Ресейден, Белоруссиядан импорттаймыз. Қазір Ресей нарығы қорғау мақсатында экспорттағы шамалы мөлшерін көтерді. Өз бағаларын қымбаттатып, сол себепті көтеріп жатыр.

Ал, күнбағыс майы Ақтөбенің өзінде шығарылады. Атқамінерлер өндірушілердің делдалдар арқылы қолдан баға көтеріп жатқанын анықтаған. Бұған қатысты қазір тексеру жұмыстарын бастапты.

Сағындық ЕРҒАЛИЕВ, БӘСКЕЛЕСТІКТІ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІ АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:


Күнбағыс майын өндірушіге қатысты хабарламаның орындалмауына байланысты қарсы тергеу тағайыдалды, оның нәтижелері бойынша бұзушылық фактілері болған жағдайда, монополияға қарсы ден қою шаралары қабылданатын болады.

Мамандар жұмыртқа өндірушілеріне қатысты да тексеру жұмыстары қолға алған. Кәсіпкерлердің бағаны қолдан өсіруге әрекеттенгендері анықталса, қомақты айыппұл арқалауы мүмкін.  

Б. Рахметова