Шымкентте, "пара алды" деп айыпталған мектеп директоры 8 жылға сотталды. Келтірілген деректерге қарағанда, педагог жемқорлыққа барған, мемлекеттің сеніп тапсырылған мүлкін талан-таражға салып, алаяқтық жасаған. Сірә ,басқаларына да сабақ болсын десе керек, сотқа өзге мектеп директорлары да шақырылған. Ал, істі болған директордың қылмысы дәлелденіп, ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Аинель ОРАҚБАЕВА, ЕҢБЕКШІ АУДАНДЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:
Мектеп директоры бола тұра өзінің қол астындағы мұғалімдерінің айлықтарын өзіне иемденген. Яғни айлықтары дегенде ...қосымша айлықтар, мысалы басқа мұғалім немесе басқа отпускіге кезекті еңбек демалысына немесе жарамсыздық парағында болған кезде оның міндеті басқа қызметкерге жүктеледі. Соның арасындағы айлық айырмашылығын иемденген.
Еске сала кетейін. Мектеп директоры өткен жылы жазда пара алу кезінде ұсталды. Ол, карантин кезінде орнында қалдыру үшін мұғалімнен 135 мың теңге ақша бопсалаған. Сол параның 40 мың теңгесін алу кезінде қолға түсті. Бұрынғы басшы жазасын, қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейтін болды. Айыбын мойындамаған бұрынғы директор, сот үкімімен келіспейтінін айтып отыр.
Жанат ҚАЛТАЕВА, СОТТАЛУШЫ:
Әділ шешкен жоқ. Бәрі жалған, арандатушылық. Ондай жағдайлар орын алған жоқ. –Кімнің тарапынан арандатушылық болды деп ойлайсыз? –осы коллектив атынан да, сыбайлас жемқорлыққа да...түймедей нәрсені түйедей қылып, ештеңке болған жоқ ондай жағдайлар. Орын алған жоқ. Бәрін істеп отырған өздері.
А. Төребекқызы