Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Коронавирустық инфекцияның тағы бір белгісіз штаммы пайда болды

AstanaTV
20.01.2021ж. 20:00
1695
Коронавирустық инфекцияның тағы бір белгісіз штаммы пайда болды

Коронавирустың тағы бір белгісіз штаммы табылды. Індеттің мутациядан өткен түрі АҚШ-тың Калифорния штатында анықталған. Бұл туралы New York Times басылым хабарлады. Ғалымдар мұны COVID-19-дың "британдық" нұсқасын іздеу кезінде тауыпты. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы Британиядан шыққан кеселдің жаңа формасы әлемнің 60 еліне тарап үлгергенін айтып отыр. Пандемияның қазіргі қарқынын әріптесім Асылбек Данияр тарқатады.

Америкада кеңінен етек жайған вирустың жаңа штаммы өткен жылдың шілдесінде пайда болыпты. Жергілікті зерттеушілердің болжамы осындай. Бірақ оның осы уақытқа дейін қауіптілігі байқалмаған. 13 қаңтарда Лос-Анжелестегі зертханада алынған сынамалардың жартысында коронавирустың белгісіз штаммы болғанын көрсеткен. Оның жұғу жылдамдығы мен қауіп қатерін ғалымдар дөп басып айта алмай отыр. Белгілісі, жаңа дерт басқа елдерге де тарап үлгеріпті.

NEW YORK TIMES:

18 қаңтарда Германияның оңтүстігінде коронавирустың белгісіз мутациясы табылғаны белгілі болды. Салдарынан жергілікті ауруханада аурудың өршуі байқалып отыр. Бұл дерт Бавариядағы Гармиш-Партенкирхен өңірінен де кездесті. Қазіргі уақытта клиниканың 52 пациенті мен 21 қызметкерінен вирустың жаңа штаммы анықталды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тағы дабыл қақты. COVID-19-дың мутацияланған "британдық" түрі әлемнің көптеген еліне тарап үлгеріпті. 12 қаңтардағы  жағдаймен салыстырсақ 10 мемлекет ұйымға індеттің табылғаны туралы хабарлама жіберген.

ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ҰЙЫМЫ:

Коронавирустың бұл түрі бойынша әзірге ақпарат жеткіліксіз. Таралу жылдамдығы мен ауруды асқындыруы деректері әзірге белгісіз. Сонымен қатар, Оңтүстік Африкада табылған "тәж" вирусының бұл штаммы тағы үш елде анықталды. Сырқаттанушылар саны 23-ке жетті.

Елдегі жағдайға келсек, Денсаулық сақтау министрі індеттің жаңа штаммы Қазақстанда тіркелмегенін жеткізді. Оны елге кіргізбеу үшін тиісті шаралар қабылданған екен. Жалпы, өткен тәулікте КВИ-дің 1134 жаңа жағдайы расталды. Ең көп шалдығу жағдайы, Нұр-Сұлтанда анықталыпты. Пандемия басталғалы бері 171 мың адам осы дертке шалдыққан. Оның 90 пайызы емделіп шықты.

ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ:


Қазіргі таңда коронавирус инфекциясынан ауруханаларда 6522, амбулаториялық деңгейде 18 516 пациент ем қабылдап жатыр. Науқастардың арасында 307 адамның жағдайы ауыр, 61 науқастың өмірі қыл үстінді. Сондай-ақ, 34 адам өкпені жасанды желдету құрылғысына қосылған. Бұдан бөлек, 11 және 17 қаңтар аралығында 54 адам бақилық болды. Өлім дерегінің жалпы саны: 2403.  

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, республиканың 6 өңірі "қызыл" аймаққа кірген. Ал, Коронавирусты әлем бойынша 96 миллионнан астам адам жұқтырды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өлім-жітімінің рекордтық нәтижесі тіркелгенін хабарлады. Соңғы аптада індеттен 93 мыңнан астам науқас көз жұмған. Ал, кеселге шалдығу көрсеткіші 4,7 миллион адамға көбейді.

А. Данияр