Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Солтүстік Қазақстан облысында ұн диірмендерінің жабылу қаупі бар

Солтүстік Қазақстан облысында ұн диірмендерінің жабылу қаупі бар

Солтүстік Қазақстан облысындағы ұн диірмендерінің өндірістік қуаттылығы азайған. Бүгін аймақтағы диірменшілер, жағдайдың күн өткен сайын құлдырап бара жатқанын айтып, дабыл қақты. Айтуларынша, Ұлттық экономика министрлігінің жаңа қаулысы да кәсіпорындардың жұмысына кісен салмақ. Әріптесім Абзал Құрманкин тақырыпты тарқатады.

10 жыл бұрын Қазақстан ұн экспорты бойынша үздіктердің бірі еді. Ал соңғы жылдары бұл саланың құлдырап бара жатқаны анық байқалады. Бүгінде отандық өнімге Ауғанстанның тарапынан ғана сұраныс бар. Одан бөлек, Өзбекстан қазақстандық ұн өндірушілерді жан-жақтан қысып әлек.

Иса АЛЛАХЯРОВ, ТИМИРЯЗ ҰН КОМБИНАТЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Соңғы төрт жылда бидай өңдеу саласында ылғи бір түйткілдер туындауда. Менің диірменім тәулігіне 1200 тонна ұн өндіруге қауқарлы. Ал мен тек 100 тонна ғана өндіріп жатырмын. Жұмысшыларымның 90 пайызын қысқартуға мәжбүр болдым. Өзбекстан бізден бидайды сатып алып, одан ұн жасап, біздің тұтынушыларымызды тартып алуда. Қазақстан өз бәсекелестерін өзі шикізатпен қамтып отыр. Бұл мәселеге ешбір министрлік назар аударар емес.  

Аймақ кәсіпорындарын Ұлттық экономика министрлігінің жаңа бұйрығы алаңдатып отыр. Құжатта ұн да биржалық тауарлардың тізіміне кірген. Егер сатылатын өнімнің көлемі 60 тоннадан асса, ол міндетті түрде биржа арқылы өткізу міндеттелген. Үкіметтің бұл жаңалығы отандық диірмендерге - жығылғанға жұдырық болып тұр.

Қазір Теріскейде 20 ұн диірмені бар. Бүгінде басым бөлігінің өндірістік қуаттылығы 80 пайызға азайған. Жаңашылдықтың кесірінен олар соңғы тұтынушысынан да қағылып қалудан қорқып отыр.

Таисия КОЛЛЕГОВА, «СЕВЕСИЛЬЗЕРНО» ЖШС КОММЕРЦИЯЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

Әлемдік аренада ұн биржада сатылмайды. Мұны нонсенс деп айтуға болады. Мұндай реформа тек біздің елде ғана енгізіліп жатыр. Ауғанстанда IT технологиялар дамымаған. Оларға биржаға қатысу қосымша қиындық туғызады. Сондықтан олар бізден теріс айналып, Өзбекстан нарығына ауып кетуі мүмкін. Ұнды биржалық тауарлар тізімінен міндетті түрде алып тастау қажет!

Артем ЗИНЧЕНКО, «ЕРТЕГІ» ҰН КОМБИНАТЫНЫҢ ӨКІЛІ:
 
Егер ұн биржа арқылы сатылса, онда оның өзіндік құны аспандап кетеді. Мәселен, сегіз вагон ұн экспорттайтын жағдайда біз брокерге 650 теңге төлеуіміз керек. Ал егер биржада диллер ретінде қатыссақ, 1.4 миллион теңге көлемінде қосымша шығын пайда болады. Бұның барлығы тауардың өзіндік құнына әсер етеді. Қазір біз ұнның бірінші сұрпын 300 доллардан сатып жатырмыз. Ал өзбекстандық бәсекелестердің бағасы 15 долларға арзанырақ. Жаңа бұйрық бізді ұн нарығынан жойып жібермек.


Диірменшілердің жанайқайына ұлттық кәсіпкерлер палатасы құлақ түрді. Олар бұл мәселені Үкіметке жеткізуге уәде етті.  

Арман ОРАЗҒҰЛОВ, СҚО КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бидай өңдеу саласы тығырыққа тірелді. Қазір дайын өнімді өткізу мәселесі бізде өткір тұр. Аймақта ұн өндіру көлемі жылдан жылға төмендеп келеді. Ұн диірмендерінің көбі тұралап қалды. Бұл мәселе Нұр-Cұлтанға жолданады. Алдағы уақытта аталған проблема Үкіметте қаралады деп ойлаймын.


Бұл мәселеге енді Үкімет араласпаса, жағдай ушығып тұр. Өйткені, бидай өңдеу нарығындағы дағдарыстың кесірінен диірмендер жабылу алдында. Ал олар жабылатын болса, мыңдаған адам жұмыссыз қалуы бек мүмкін.

А. Құрманкин