Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

64 адам қар құрсауынан шығарылды

AstanaTV
25.01.2021ж. 20:00
1745
64 адам қар құрсауынан шығарылды

Қызылорда облысында аңға шығып адасып кеткендер, төтенше жағдай мамандарын аяғынан тік тұрғызды. Қарлы боранда саятшылық құрамын деп адасып кеткендер, далада түнеген. Жалпы демалыс күндері еліміздің көптеген аймақтарында қарлы бұрқасын болып, кейбір маңызы бар күре жолдар жабылды. Дегенмен ескертуге құлақ аспай жолға шыққан жолаушылар көп болған. Олардың арасында балалар да бар.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, сенбі-жексенбі күндері Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Түркістан және Қызылорда облыстары аумағынан 64 адам қар құрсауынан құтқарылған. Оның сегізі бала. Ал қарлы боранның салдарынан бағытынан жаңылған қырыққа тарта автокөлікке де құтқарушылар көмек көрсетіпті.

Қызылордалық құтқарушыларда қарға кептеліп қалған жиырмадан аса көлікті шығарып, отызға жуық жолаушыға жәрдемдескен. Қан сонарға шығып бір күн далаға түнеген аңшылар да төтенше жағдай мамандарын әбігерге салды. Алты адамнан құралған топ екі УАЗ автокөлігімен аңға шығып, Қаратау беткейінде қар құрсауында қалып қойған.

Руслан ҚАЙРАҚБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:


11 қызметкер және 2 бірлік техника құтқару жұмыстарын жасауға Бірлік ауылындағы Қаратау беткейіне бағыт алып, алтауы да табылып, құтқарылды. Оның 4 азаматы Бірлік ауылының тұрғындары, бір азамат Шымкент қаласынікі және біреуі Қостанай қаласынікі болып шықты.


Қыс басталғалы ел аумағында 651 дабылды ескерту жасалып, маңызы бар күре жолдар 28 рет жабылған. Оны елемей жолға шыққан 200-ден аса адам құтқарылып, алпысқа тарта көлік қардан шығарылыпты.

Мөлдір ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

 
Ал «Қазгидромед» мамандары ертеңнен бастап, солтүстік өңірлерде аяздың сынатынын хабарлады. Дегенмен, тұман түсіп, жел күшеюі мүмкін дейді.


М. Тоқтасынқызы