Павлодардың қала іргесіндегі ауыл халқы жұмысқа жете алмай жатыр. Өйткені жалғыз автобус дүйсенбіден бері тоқтап қалған. Бұған бұқара наразы. Облыс орталығынан 40 шақырым қашықтықтағы екі ауылдың тұрғындарын тасымалдап жүрген жалғыз автобустың жүргізушісі де қазір жұмыссыз отыр. Жағдайды біліп қайтқан әріптесім Өзгеріс Қуанар тақырыпты тарқатады.
Анастасия Бозина таңмен таласа жолдасының тасжолға шығып көлік күтіп жүргенін айтады. Жалғыз асыраушысының қауіпсіздігі үшін де алайдайды. Ал көлік тоқтамаған күні, жұмысына да бара алмай қалады екен. Шыдамы таусылған бұқара қоғамдық көлік сұрап, әкімдікке де талай хабарласқан.
Анастасия БУЗИНА, ЖАҢА ҚАЛА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Таңертең ерте 6-да такси де жүрмейді. Сондықтан, жолдасым тасжолға шығып көлік тоқтатуға мәжбүр. Кей күндері тіпті, ешбір көлік тоқтамай үйге қайтып келеді. Қыста жол тосудың қандай азап екенін білсеңіздер! Кеше аудандық әкімдікке қоңырау шалсам, ондағылар маған көлік сатып алыңыз немесе таксимен жүріңіз - деп ақыл айтты. Ақшамыз көп болса, қоғамдық көлік сұрап неміз бар.
Жаңа қала ауылы қаладан бар-жоғы 40 шақырым қашықтықта жатыр. Мұнда жұмыс болмағандықтан, тұрғындардың басым бөлігі қалаға қанытап істейді. Елді-мекенде 700-ден аса тұрғын бар. Ал таксимен жүруге көпшіліктің қалтасы көтере бермейді.
Вероника СЕРЕБРЯН, ЖАҢА ҚАЛА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Такси өте қымбат. Бір адамнан 600 теңге сұрайды. Бұл аза ғана жалақыға қарап отырған біз үшін қалтамызға салмақ салады. Өйткені, барғанда 600, келгенде 600 теңге беріп келуің керек. Оған қоса түскі асың бар. Бәрі қалтаны қағады. Ауылда дәріхана да жоқ. Бір дәрі алу үшін де қалаға баруымыз керек. Бәрі қымбат.
Елена АРНТ, НАБЕРЕЖНЫЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Жолдасым қалада жұмыс істейді. Қоғамдық көлік тоқтағаннан бері қалада жүр. Өйткені, мұннан келіп кетейін десе, көлік табылмай қалса, жұмыстан қалып қояды. Күнделікті таксиге беретін артық ақшамыз да жоқ. Сондықтан, жолдасым қалада туыстардың үйін жағалап жүр. Сенбі, жексенбі ғана келеді.
Қоғамдық көлік қалаға күніне 3 рет қатынап келген. Таңертең, түсте, кешке "Жаңа қаладан" бөлек, "Набережные" ауылындағы тұрғындарды да қалаға апарып, алып қайтып жүріпті. Қазір сол автобустың жүргізушісі де жұмыссыз отыр.
Серік ШУАҚБАЕВ, АВТОБУС ЖҮРГІЗУШІСІ:
Мен ресми тасымалдаушымын. Көлікті тоқтатып тастағаннан бері менде жұмыссыз қалдым. Менің де отбасым, балаларым бар. Оларды кім асырайды? Карантин болғанмен, жұмысты ешкім тоқтатқан жоқ. Сондықтан, біздің жұмыс істеп, табыс табуымызға рұқсат беруін сұраймыз.
Жергілікті шенеуніктердің айтуынша, өңір "қызыл аймаққа" өтісімен, қала маңындағы автобустар толықтай тоқтатылған. Бұл бас санитар дәрігердің қаулысы, ал біз оны орындап отырмыз деп ақталды.
Серік БӨЛЕМІСОВ, ПАВЛОДАР АУДАНДЫҚ ЭКОНОМИКАНЫҢ НАҚТЫ СЕКТОРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Енді мен бәрін ұғып тұрмын. Бізде көріп тұрсыз ғой Павлодар облысында кеше 256 кісі ауырып жатыр. Ол біздің не емес ғой. Мысалы, мен автобусқа айтам жүр - деймін. Ертең, мониторингтік топқа ілінеді де, шртаф төлейді. Ол штрафты кім төлейді? Мен бәрін ұғып тұрмын. Бірақ та қазіргі ситуацияны да ұғу керек ғой.
Айта кетейік, аймақта 25-ші қаңтардан бастап, карантиндік шектеулер күшейтілді. Осыған сәйкес қаларалық, ауданаралық қоғамдық көліктердің жүруіне шектеу қойылған болатын. Бұл шектеулер 2 аптаға созылмақ. Сондықтан, ауыл халқына, сақтық үшін біраз шыдай тұруына тура келмек.
Ө. Қуанар