$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Зейнетақы жинағынан 212 млрд. теңге алынды

AstanaTV
02.02.2021ж. 20:00
2064
Зейнетақы жинағынан 212 млрд. теңге алынды

Зейнетақы жинағын алуға өтініш берген 38 мыңнан аса қазақстандықтың өтінімі мақұлданды. Оларға қордан  212 млрд теңге аударылған. Орташа алғанда әрқайсысына 5 жарым миллион теңге болмақ. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, науқан басталғалы апта ішіндегі сандарды жария етті. Белсенділігі жағынан көш басында Алматы қаласы тұр. 170 мың алматылық жинағының бір бөлігін алмақ. Екінші орында Нұр-Сұлтан қаласы, 94 мыңнан аса елордалықтың өтініш қабылданған. Соңғы орында Түркістан облысының тұрғындары. Салымшылар арасында өтініші кері қайтарылып жатқандар да бар.

Жанат ҚҰРМАНОВ, "БІРЫҢҒАЙ ЖИНАҚТАУШЫ ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫ" АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
 
Қабылданған өтінімдердің 13%-ы, сұралған сомалардың қолжетімді қаражат мөлшерінен асып кетуімен байланысты. Сондай-ақ қайталанған өтініштер де болды. Тіпті мүлде жинағы жоқ адамдардан да өтініштер келді. Дұрыс рәсімделмеген өтініштерді де кері қайтардық.
    
Зейнетақы жинағын алуға өтініш бергендердің көпшілігі, ипотекалық қарызды өтеуді  мақсат еткен. Ал 21 пайыз қазақстандық үй сатып алуға ниетті. Яғни ол адамдардың зейнетақы қорында 15 миллион теңгеден жоғары қаржысы бар. Ал 9 мыңнан астам қазақстандық бір-біріне көмектесуді ұйғарған. Мәселен әкесі қызына үй алуға көмектеспекші. Сондай-ақ «Отбасы банкінің» басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова қазір үй бағасының қымбат екенін мойындайды. Сондықтан жазға дейін асықпауға шақырады.

Ляззат ИБРАГИМОВА, "ОТБАСЫ БАНКІ" АҚ БАСҚАРМА ТӨРАЙЫМЫ:
 
Баспана бағасы әрине, сатушының нарығына тәуелді. Қазіргі жағдайда үй сататын адамдар молырақ пайдаға кенеліп қалғысы келеді. Менің ойымша, аздап күте тұру керек. Уақыт өте келе нарық өзінің шынайы қалпына оралады. Сұраныс пен ұсыныстар ол үшін теңесуі керек. Осы жылдың мамыр-маусым аралығында үйдің бағасы, өткен жылғы бағаға ұқсас болады.

Ә. Өмірзақ