Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Елордада 13 мыңнан аса үлескердің мәселесі шешілмей келеді

AstanaTV
13.09.2017ж. 20:00
2633
Елордада 13 мыңнан аса үлескердің мәселесі шешілмей келеді

Елордада 13 мыңнан аса үлескердің мәселесі әлі күнге шешімін таппай келеді. Олардың басым көпшілігі алаяқтардың шырмауына түсіп қалғандар. Қазір бас шаһарда 52 тұрғын үй нысанының құрылысы аяқталмаған күйі тұр. Жалпы, үлескерлер мәселесін оңтайлы шешуде қандай бастамалар қарастырылып жатыр? Прокуратура қызметкерлері бұл проблеманы қаншалықты бақылауында ұстап отыр? Тілшіміз Диана Сапарқызы біліп қайтты.

Астаналық үлескер Жанар Дүйсенова - алаяқтардың шырмауына түсіп қалғандардың бірі. Осыдан бес жыл бұрын  құрылыс нысанына қомақты қаржы салып, тиісті келісімшартқа отырған. Ал екі жылдан кейін құрылыс нысанын салушылар ізім ғайым жоқ болады. Жанардың бақытына орай, құқық қорғау органдары алаяқты қолға түсіріп, ол 8 жылға сотталып кетті. Үйдің құрылысы болса 3 жылдан бері тоқтап тұр.

Жанар Дүйсенова, үлескер:

Жарты жылдан астам уақыт соттасып, қалалық прокуратураның көмегімен осы үйді соттап алдық. Мен сияқты зардап шеккен үлескерлерге бітпеген үйді және астындағы жер телімдерді берді.

Нүриля Сатыбалдинова - Астанадағы "Арабия" тұрғын үй кешенің үлескері. Бірнеше жылдан бері бұл үйдің құрылысы аяқталмай отырғаны былай тұрсын, сотталып кеткен салушы құжаттарды дұрыс реттемегендіктен, қазір әр мемлекеттік органнан қағаз жинаудан шаршағанын айтады.

Менің өтінішім, биліктегілер осы құрылыс нысанына назарын салса деймін. Бектемиров деген салушы сотталып кетті. Кешен құрылысы аяқталмады.  Бізде қазір кейбір құжаттар реттелмей тұр. Құрылысты әрі қарай жүргізетін инвестор қажет .

Бас қалада құрылыс машақаты оңай шешілген нысандар да бар. Құрылысы 27 миллиард теңге тұратын элиталы тұрғын үйдің салушысы Ольга Лигай  2015 жылдан бері құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Биыл үйдің иелеріне кілттерін табыстамақ. Ол ең бастысы екі жақты жауапкершіліктің болуы керектігін айтады. 

Ольга Лигай, тұрғын үй құрылыс компаниясының төрағасы:

Қазір техникалық құжатты аламыз. Пәтерлердің ішінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Екі айда барлық құжаттарды реттеп, рәсімдейтін боламыз. Нәтиже бар.

Бас прокуратураның статистика комитеті берген мәліметке сай, жыл басынан бері үлескерлер мәселелесіне қатысты 156 азаматтық іс қозғалған. Оның 112 сотта қаралып, шешімін тапқан. Ал Астанада 15 адамға қатысты 12 қылмыстық іс қозғалған.  Қазір елордада құрылысы бітпей тұрған 52 нысан бар.Оларға 13 мыңнан аса адам қаражат салған. 8 нысанның құрылысы аяқталып, 4 мың адам көптен күткен пәтеріне қол жеткізді.

Бауыржан Төлегенов, Астана қаласы прокурорының аға көмекшісі:

Қазіргі уақытта үлескерлер мәселесі өзекті болып отыр. Сондықтан жіті бақылауымызда. Күнделікті сараптама жасаймыз. Қай нысанда құрылыс жүріп жатыр, ал қайсысында тоқтап қалғанын, барлығын анықтап отырамыз. Прокуратура қызметкерлерімен үлескерлердің мәселесін шешу үшін, жәрмеңкелер ұйымдастырамыз. Ол жерге инвесторлар тартылып жатады.

Диана Сапарқызы, тілші:

Прокуратура қызметкерлерінің айтуынша, елорда да екі жылдың ішінде 31 салушы сотталған.  Ал 12 салушыға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Биыл үлескерлер жәрмеңкесінде құрылысының аяқталуы күмәнді 9 нысанның төртеуіне инвесторлар табылған.