Қазақ әліпбиінің латын қарпіне көшірілу үрдісі барынша ыждағатты түрде жүргізілуі тиіс. Ал бұл құбылыс Қазақстанның әлемдік ақпараттық кеңістікке шығу мүмкіндігін кеңейтеді. Интеграцияға жол ашады. Елордада өткен дөңгелек үстел барысында осындай пікірлер айтылды. Бүгін Астанада «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ тілінің латын әріпіне көшу барысын талқылау жұмыстары басталды.
Қалалық әкімдікте өткен алқалы жиынға сарапшылар, ғалымдар, филолог мамандар мен өзге де тіл саласында жүрген азаматтар қатысты. Игі шарадан Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері де шет қалмады. Жиналғандар бұл бағдарлама дер кезінде қабылданғанын айтады. Қазақстанның сандық әлемде артта қалмауына зор үлес қосатынын да ерекше атап өтті. «Сондай-ақ ұсынылған алфавит төңірегінде азаматтардың ұсыныстары тыңдалып, жан-жақты талқыланады», - дейді мамандар.
Ербол Тілешов, Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту орталығының директоры:
Біз «е» дыбысын дауысты берудің принципі ретінде алдық, ал «h» дыбысын дауыссыз дыбыстардың принципі ретінде алдық. Сөйтіп диграфта 2 принцип қолдандық. Яғни оның ғылыми дәйегі бар. Ең бастысы, дыбыстық жүйені қанағаттандырады.
Бекарыстан Аманжолов, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы:
"қ",
"ғ", "ө", "ң" секілді қазақ тіліне ғана тән 7
әріптің жайы әсіресе жіті қарауды қажет етеді. Бұл қаріптер сөздерде қалай
қолданылады? Осы мәселе назарда болуы керек. Мұның барлығы жобада қамтылуы
тиіс. Болашақта бүкіл мемлекеттік деңгейде, ел аумағында талқылау болады деп
жатыр. Бұл өте дұрыс деп есептеймін. Ең бастысы «Қанат» «Канатқа», немесе
«Ғалия» «Галияға» айналып кетпесе болғаны. Егер осылай болса, бұл өте өрескел
қателік болар еді. Мамандар тап осы жағына жеткілікті мән беріп қарастырады деп
ойлаймын.