Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданында шағын бөгетті су шайып, бірнеше елді-мекенге қауіп төндірді. Арнасынан асқан өзеннің суы бірден бөгелмесе, облыс орталығы мен Чинарев кеніші және бес ауылмен байланыс үзілуі мүмкін. Дегенмен облыстық төтенше жағдайлар департаменті жағдайды бақылауға алған. Тілшіміз жалғастырады.
Төтенше жағдай мамандарының айтуынша, жергілікті шаруа қожалықтары өзеннің жоғары бетінен су жинайтын бөгет салыпты. Олар бұл суды егістік суаруға пайдалануды көздеген екен. Бірақ осы бөгеттің топырағы кенеттен опырылып, жайылған су көлік жолын шайыпты. Жазда құрғап қалатын Рубежка өзенінің тасуына бірнеше күн толассыз жауған жаңбыр мен күннің күрт жылынуы себеп болуы мүмкін.
Бақытжан ИХСАНОВ, БҚО ТЖД ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫ ЖОЮ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
Қазіргі таңда төтенше жағдайлар бөлімі мен жергілікті атқарушы органның қызметкерлерімен кезекшіліктер ұйымдастырылды. Жеңіл көлік айналма жолдың үстімен өтіп жатыр, үлкен көлемді көліктерге шектеу қойылды. Мердігер компания иесінің айтуы бойынша, үш- төрт күннің ішінде жаңағы көпірдің жөндеуі бітіп, пайдалануға беріледі.
Қазір өзендегі су деңгейі азайған. Оның үстіне күн суытып, судың мұзға айналғаны да мамандарға көмек болды. Дейтұрғамен ауа райын болжаушылар табиғаттың тағы да мінез танытатынын айтады.
Назерке МҰРАТОВА, ИНЖЕНЕР СИНОПТИК:
Облыс бойынша алдағы күндері атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты кей жерлерде жаңбыр, қар түріндегі жауын-шашын, тұман, көктайғақ күтіледі. Жел 15-20 метр секундқа дейін күшейеді. Ауа температурасы 0 +5, облыстың оңтүстігінде +8 градусқа дейін жылынады.
Облыс орталығымен бірге бес елді-мекенді және Чинарев кенішін жалғастыратын жалғыз көпір былтырдан бері күрделі жөнделіп жатыр. Жобаны аяқтауы тиіс мердігер жөндеу жұмыстарын бірнеше күнде бітіреміз деп отыр. Әзірге уақытша салынған айналма жолдың топырағы бекітілуде.
Е. Карин