Түркістан халықаралық әуежай арқылы қатынайтын әуе рейстері соңғы күндері екі есеге кеміген. Мұны облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы растады. Басқарма басшысы Ролан Ибрагимов бұған жолаушылардың аз болуы себеп екенін айтты.
Ролан ИБРАГИМОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
«Qazaq air» мен «Скаттың» самолет бортының толуы 50 пайыз, 42 пайыздың көлемінде. Ал «Fly arystan» 92 пайыз, 100 пайыз толады. Сол себептен олар қазір уақытша ұшпай қойды. Қазір тек қана «Fly arystan» ұшып жатыр.
Мәселен қаңтарда 10-нан астам рейс ұшпаған. Оған тұманды ауа райы себеп болған. Осының салдарынан жолаушылар билеттерін кері тапсырыпты. Айта кетейік, Түркістан халықаралық әуежайы желтоқсан айынан іске қосылған болатын. Сол кезде әуежайға үш бірдей компания қызмет көрсеткен еді. Бірақ қаңтар айында соның екеуі өз қызметін тоқтатыпты. Бүгінгі күні Түркістаннан Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына ғана әуе рейстері қатынауда.
А. Төребекқызы