Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

Атыраудағы көлік жүргізушілері автогаз таппай сабылып жүр

AstanaTV
01.03.2021ж. 20:00
1981
Атыраудағы көлік жүргізушілері автогаз таппай сабылып жүр

Атырауда соңғы бірнеше күннен бері автогаз жоқ. Сұйытылған отынмен жүретін көлік иелері газ құю бекеттері арасында сабылып жүр. Бұрын литрі 53 теңге болса, бақандай 12 теңгеге қымбаттап, қазір 65 теңгеге дейін шарықтаған. Көпшілік бекеттер газды көліктерге талонмен ғана беріп жатыр. Екі күннен бері ұзын- сонар кезекте тұрып, шаршаған жүргізушілер, мәселенің маусым сайын қайталанатына шағымданды.

Асылбек БИҒАЛИЕВ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Кеше кешке дейін таба алмадық. Бүгін екі жерде бар деген соң келіп тұрмыз. Оны да өсіріп жіберіпті.  65 тг,-дейді. Ол да жоқ. кезекте тұрмыз.  Таусылып қала ма деп қорқып отырмыз.  Таусылса тағы кетеміз ғой. сұмдық қой. Масқара ғой мынау.

Жәнібек АТШЫБАЕВ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Кезекті көріп отырсыңдар ғой. Шеті жоқ. Таңнан бері қарай осы газдың кезегінде тұрмыз. Мұнайдың, газдың үстінде отырып алып, жағдаймыз осындай.  Қазір жол жүруміз керек еді.

Атырау мұнай өңдеу зауытындағылардың айтуынша, зауыт қазір сұйық отын шығарып жатқан жоқ. Өйткені техникалық қондырғысы істен шығып, күрделі жөндеуге тоқтап тұр. Оған ақпан айының басында KEGOCтың электр жүйесінде ақау боп, жарықты өшуі себеп болған. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, қондырғыларды тек наурыздың аяғында ғана  іске қосу жоспарланған. Қазір аймақ шенділері газбен қамтудың басқа жолын іздестіріп жатыр. Жалпы облыс айына 4 мың 600 тонна көлемінде сұйытылған газ пайдаланады.

Қайрат БЕКЕНОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

9 ақпаннан бастап Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспарлы жұмыс басталды. Осыған орай бізде Атырау қаласында және Атырау облысына берілетін сұйытылған газ азайтылды. Барлық бекеттерге сұйытылған газ жеткізіледі. 3 күннен кейін басқа зауыттардан келісім шартқа қол қойылғаннан кейін толығымен қамтуға жағдай бар.


Б. Надірқызы