Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Мәжілісте Партияаралық кеңес құрылды

AstanaTV
04.03.2021ж. 20:00
1543
Мәжілісте Партияаралық кеңес құрылды

Бүгін Мәжілісте Партияаралық кеңес құрылды. Мұндай ұсынысты, төменгі палата төрағасы Нұрлан Нығматулин Қазақстанда тіркелген партия өкілдерінің кездесуінде айтты. Алқалы жиынға «Nur Otan» , «Ақ жол» және Қазақстан Халық партияларының өкілдерінен бөлек, «Adal», «Ауыл», ЖСДП өкілдері қатысты. Мәжіліс төрағасы, өз сөзінде: "әрқайсымыздың алға қойған жоспарларымыз, міндеттеріміз, жұмыс жасау тәсілдеріміз  әртүрлі болғанымен, мақсатымыз бір деді.

Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Осындай партияаралық кеңес құру туралы ұсыныстың ең басты мақсаты ол - парламенттік және парламенттік емес партиялар арасында тұрақты диалог орнату. Себебі осы жерде айтылатын бастамалар, ұсыныстар, пікірлер, еліміздегі маңызды мәселелерді  бірлесіп шешумен бірге, Заң шығару жұмысының сапасын арттыруға да ықпал етеді деп есептейміз.   

Нұрлан Нығматулин атап өткендей, партияаралық кеңес, консультативтік-кеңесші орган болады. Ол қандай да бір заң жобалары бойынша, партия өкілдерінің жұмыс топтарының құрамына кіруіне, депутаттық корпустың мүдделі екенін білдіреді. Отырыс барысында парламенттік емес партия өкілдері Мәжіліс Төрағасы ұсынған бастаманы бір ауыздан қолдады. Олар бұл - Мәжіліс жұмысындағы жаңа бетбұрыс екенін атап өтті.

Төлеутай РАХЫМБЕКОВ,  «АУЫЛ» ПАТРИОТТЫҚ ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
                                    
Бұл дегеніміз парламенттік партиялармен парламенттік емес партиялар арасындағы арақашықтықты жақындатады. Бұндай кеңес құрудың өзі қазіргі Мәжілісіміздің ашықтығын халыққа жақындығын дәлелдеп отыр. Осыны мен айтып жеткізгім келіп отыр. Парламенттік емес партиялардың артында тұрған сайлаушылардың пікірін жеткізу соның ойын заңдарымыздың жобаларын кіргізу арқылы проблемалар шешіледі деп ойлаймын.

Эльдар ЖҰМАҒАЗИЕВ, «ADAL» ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:

Бұл Парламентке кірмеген біз сияқты партиялар үшін үлкен мүмкіндік деп есептейміз. Себебі сайлауалды бағдарламамызда  5 мыңнан астам кездесу өткізіппіз, халыққа берген уәделеріміз бар, бағдарламамызда орындалатын мәселелер бар, соны келесі сайлауды күтпей, парламентке кіруді күтпей  қазір жүзеге асырауға мүмкіндік туайын деп отыр.

 Т. Оспанбаева