$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қарағандыдағы балабақшаларда инклюзивті білім беру қолға алынды

AstanaTV
05.03.2021ж. 20:00
2015
Қарағандыдағы балабақшаларда инклюзивті білім беру қолға алынды

Қарағанды облысында төрт оңалту орталығы ашылды. Онда ауыр жарақат алғандар мен отадан кейінгі оңалту шаралары тегін жасалмақ. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай медициналық мекемеге кіру үшін, бұған дейін науқастар бірнеше апта бойы кезекте тұруға мәжбүр болатын. Бүгінде мемлекет медицина саласын дамытуға ерекше назар аударуда. Елбасының бастамасымен республикада жасақталған ондаған заманауи орталық соның бір айғағы.

Қарағандылық Геннадий Перепёлкин ауруханаға, омыртқа жарықшасымен түскен. Ол шахтада көп жылдар еңбек еткен. Соның салдарынан болған дерт екенін айтады. Жуырда оған ота жасапты. Қазір арнайы оңалту орталығына жіберілді. Ол кезекке тұрмай-ақ, оңалту орталығына келгіне дән риза.  
 
Геннадий ПЕРЕПЁЛКИН, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Мені операциядан кейін, бірден балдақпен осында алып келді. Мұнда жатқаныма 10 күн болды. Ақысыз, тегін емдеп жатыр. Ем-домым аяқталған соң, жақында үйге жібереді.


Арнайы оңалту орталығы, бүгінде міндетті медициналық сақтандыруы бар науқастар үшін қолжетімді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 3 жыл бұрын өзінің кезекті Жолдауында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға көшуді тапсырған  еді.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Денсаулық сақтау саласы, біртіндеп халықтың, мемлекеттің және жұмыс берушілердің ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне (МӘМС) көшеді. Мемлекет міндеттемелерінің нақты шекараларын анықтай отырып, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің жаңа моделін әзірлеу қажет. Ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы медициналық көмектің қол жетімділігі мен тиімділігін арттыру қажет.

Қарағанды облысында осындай оңалту орталығының төртеуі ашылды. Дәрігерлер бұрын көмекке мұқтаж науқастар, бірнеше апта бойы, арнайы орындарға кезек күткен болса, қазір олардың қатары саябырсығанын айтады. Аймақта бұған дейін мұндай мекемелер шұғыл жағдайларға да қарастырылмаған болатын. Жаңа нысандар мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бағдарламасы бойынша салынған. Жылына осы тектес 10-ға жуық мекеме ашу жоспарға қойылған.

Сәуле ИБРАЕВА, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНДАҒЫ  ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДӘРІГЕРІ:
 
Бізде науқастар ақысыз ем алады. Оның барлығы міндетті медициналық сақтандыру аясында жасалады. Оларды бізге жергілікті емханалар жібереді. Қолдарында емхана жолдамасынан бөлек, бұған дейін жасалған ем-домдарының құжаттары болуы тиіс.
 

Елбасының тағы бір маңызды тапсырмасы, ол - әрбір қазақстандық үшін білім алу мүмкіндігі. Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елде ерекше күтімді қажет ететін балалар арналған балабақшалар ашылуда. Соның дәлелі мына бөбекжай. Мұндағы тәрбиеленушілердің жартысына жуығы кемтар балалар. Олармен психологтар, көз дәрігерлері және логопедтер жұмыс істейді. Бұрын мұндай мамандар жеткіліксіз болған болса, қазір олар өте көп, дейді қалалық білім бөлімі өкілдері.

Марина ПАВЛОВСКАЯ, "АЛМАГҮЛ" БАЛА-БАҚШАСЫНЫҢ ПСИХОЛОГІ:
 
Арнайы курстан өткен мамандардың көпшілігі мемлекеттік мекемеге барып жатады. Себебі мұнда жалақы тұрақты. Қалыптасқан орта бар. Биыл да бізде айлығымызға ақша қосылды. Маған өз жұмысым ұнайды.

Мектепке дейінгі мекемелердеде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік туралы жобалар қолға алынған. Тәуелсіздік алғалы өңірде 65-ке жуық балабақша ашылды. Олардың кейбіреулері, толықтай қайта жасақталды. Енді біреулері жеке инвесторлардың қаражатына аяқтан тұрды. Осындай еңбектің арқасында бөбектердің бақшаға кезегін едәуір азайтуға мүмкіндік туды.
 
Наталья ГОЛОВИНА, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫ БІЛІМ БӨЛІМІ ЖЕТЕКШІСІНІҢ м.а:

 
 Білім беру саласында атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы, ол Тұңғыш Президентіміздің Жолдауымен үндеседі. Сапалы білім, оны дамыту, түлектеріміздің бәсекеге қабілетті болуы Елбасының жүктеген тапсырмалары болатын.     


Сонымен қатар, білім бөлімі мектеп оқушыларына кәсіптік бағдар беру жұмыстары қарқын алғанын атап өтті. Осыдан 10 жыл бұрын заңгерлер мен экономистер танымал мамандықтар болған еді. Ал, қазір инженерлік-техникалық және жұмысшы мамандықтарға басымдық берілген. Колледждер мектептермен бірлесіп, осы бағытта жұмыс істеп жатыр.

Т. Оспанбаева