Ауа райы -
×
Негізгі / Жаңалықтар / Елге импортталған асыл тұқымды малдардан түрлі аурулар тараған - Сенат

Елге импортталған асыл тұқымды малдардан түрлі аурулар тараған - Сенат

Мал шаруашылығында селекцияның жаңа әдістерін қолдану керек. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Ақылбек Күрішбаев мәлімдеді. Сенаторлар осылайша импортталған ірі қараның ортаға бейімделуін жақсартамыз деп отыр. Депутат асыл тұқымды малдардың тұқымын сақтап қалудың маңыздылығына да тоқталды. Бұдан бөлек, жиында әскерилер жағдайын жақсарту тетіктері де талқыланды. Сенат мақұлдаған маңызды құжаттар жайлы келесі бейнематериалда.

Соңғы бірнеше жылда елге 153 мың асыл тұқымды ірі қара әкелінген. Оған қазынадан 500 миллион доллардан астам қаражат жұмсалыпты. Жақсы көрсеткіш. Алайда олармен қоса мал ауруының да түр-түрі елді жайлаған. Сондықтан, депутаттар малды күтіп-бағудан бұрын, оларды дұрыс будандастыру керек деп отыр. Бұған қоса, елдегі ветеринариялық ахуалды да жақсартуға тоқталды.

Ақылбек КҮРІШБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Бұл тұрғыда асыл тұқымды мал шаруашылығы саласында инновациялық технологияларды, оның ішінде геномдық селекцияны енгізу мақсатында селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты үйлестіру ерекше маңызды.

Жиында бұдан бөлек, ішкі істер органдары қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдері мәселелері бойынша заң жобасы қаралды. Сенат депутаттары қызмет бабында қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасына тұрғын үй жәрдемақысын төлеуді ұсынды. Жаңа жобаға сәйкес қаза тапқан немесе жарақат алған полиция қызметкерлерінің отбасылары енді баспана төлемдерін алуды жалғастыра береді.

Сергей ЕРШОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:


Қызметтік міндеттерін орындау кезінде ауыр жағдайға тап болған ішкі істер органдарының қызметкерлерін, сондай-ақ қаза тапқан қызметкердің отбасы мүшелерін әлеуметтік қорғауға арналған түзетулер бар. Онда: ипотекалық шарт міндеттемелері орындалғанға дейін бұрын белгіленген тұрғын үй төлемдерін Үкімет белгілеген мөлшер мен тәртіпте сақтау ұсынылды.

Сенаторлар бүгін Жоғары Соттың екі судьясын қызметінен босату жайлы шешім қабылдады. Анатолий Смолин мен Серік Абнасиров басқа лауазымға тағайындалмақ. Енді жаңа кандидаттар тізімі сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде қаралады.

Ғ.Өтемісов