$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматыдағы музыкалық хор мектебінде дау шықты

AstanaTV
11.03.2021ж. 20:00
1832
Алматыдағы музыкалық хор мектебінде дау шықты

Алматыдағы музыкалық хор мектебінде дау шықты. Жуырда шаһар билігі бірнеше саз мектебін сатуға шығарған еді. Бұған білім ордасы шәкірттерінің ата-аналары бұған түбегейлі қарсы. Олардың айтуынша, өнер мектебін жекенің қолына беру музыкаға жасалған қиянатпен бірдей. Қазір мұнда көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың балалары білім алып жатыр. Алматылықтар мектеп жекенің қолына өткен соң, оқу ақысы қымбаттайтынына алаңдаулы. Осылайша тәжірибелі ұстаздардан айрылатынын айтып мұңын шақты.

Ата-аналар шенеуніктердің саз мектебін сатуға қойғанын күтпегенін айтады. Өйткені бұл білім ошағы - еліміздегі жалғыз мемлекеттік хор мектебі. Сондықтан оны сатуға болмайды, дейді. Себебі мемлекеттік қаржыландыру тоқтатылғасын, білім сапасы да төмендейді

Ұлболсын МҰҢАЙТБАС, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Мұғалімдеріміз осындай профессиональный...  Кетіп қалады. Сосын баланың білімі болмайды. Сол үшін біз қарсымыз.


Елена СЕРЕДИНА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Мұндағы мамандар - жылдар бойы қалыптасқан өте мықты кәсіби жандар. Олар өте тәжірибелі, балалар да айтқанын бірден қағып алады. Мұндай ерекше әдістің тиімді екендігін бәрі біледі.

Басшылық ауысқаннан кейін оқу ақысы да қымбаттайды деп алаңдайды алматылықтар. Қазір бұл мектепте оқу құны небәрі бес мың теңге. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары да оқиды. Егер баға шарықтап кетсе, олардың көпшілігіне білім беру мүмкін болмай қалады, - дейді наразы топ.

Тоня АНГАРОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Мен жай медбике болып жұмыс істеймін. Алатыным 45-50 мың теңге ғана. Оқу ақысын өсірсе, төлей алмаймын. Шынымды айтсам, сөзім таусылды. Мемлекет дарынды балаларды іріктесе, енді жекеменшікке ауысқан соң, жаңа қожайын бағаны өсіріп, қызметкерлерді ауыстырады.

Мектеп мұғалімдері де білім ошағын жекеге сатуға қарсы. Шәкірттері - түрлі республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары мен жеңімпаздары.

Сергей РОМАНОВ, ХОР ПӘНІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ:

Біз қалада үнемі бірінші орын аламыз. Бұл үлкен жетістік қой. Біздің хор республикада әрдайым бірінші орынға ие болып жүр. Шетелден жүлдесіз келген күніміз жоқ. Қазақстанның даңқын талай рет аспандаттық.

Енді хор мектебінен басқа да бірқатар музыкалық мектептер жекеменшікке өтуі мүмкін. Бұған алаңдаған ата-аналар қарсылығын білдіріп, мыңдаған адамның қолын жинапты. Мәдениет және спорт министрлігі бұл дауды елеусіз қалдырмай, Алматыдағы музыкалық мектептерді жеке меншікке беруге жол бермеуге уәде етті.

ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРЛІГІ:

Қазір Мәдениет және спорт министрлігі Алматыдағы мәдениет және өнер саласындағы білім беру мекемелерін жекешелендіруге жол бермеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр.

Бұл мәселені мәжіліс депутаты Ерлан Смайлов, парламент мінберінде де көтерді. Ол Алматыдағы музыкалық мектептердің саудалануын тоқтатып, жекешелендірілетін нысандардың тізімінен шығаруды талап етті. Ал наразы ата-аналар тіпті Президентке де хат жазды.

Е. Карин