$515.25 €535.91 ₽5.18
×

Рохинджаларды жылатқан...

AstanaTV
09.09.2017ж. 20:00
2372
Рохинджаларды жылатқан...

Рохинджалар туралы. Текетірестің тарихынан аздап. Мьянмадағы Ракхайн штатында 1 млн мұсылман рохинджалар тұрады. Тек соңғы кездегі кикілжіңдерге келсек, 2012 жылы штаттағы будда дінін ұстанатын көпшілікпен болған қақтығыста 100 мың рохинджа қаңғып қалған. Он мыңдаған мұсылман-рохинджа әлі де лагерьлерде тұрып жатыр, одан шығуларына рұқсат жоқ. Бангладешке қашқандарының құжаттары жоқ... Соңғы қақтығыс тамыздың 25-де «Аракан рохинджасын құтқару армиясы» деп аталатын ұйымның полицей посттары мен Мьянма армиясы базасына шабуылынан кейін басталды... Мьянма басшылығы аталған ұйымды халықаралық террорлық ұйымдармен байланыстырады. Ал ұйым оны жоққа шығарады. Ұзақ уақыт әскерилер түрмеге және үйқамаққа жапқан саясаткер, Нобель сыйлығының «Бейбітшілік» аталымы бойынша иегері, қазір Мьянма үкіметінің сыртқы істер министрі Аун Сан Су Чжидің халықаралық қауымдастық алдындағы репутациясының талқаны шықты деуге болады.Соңғы аптада әлеуметтік желілерде жантүршігерлік видео, фотосуреттер жарияланды.Олардың біразының Мьянмадағы қақтысқа қатысы жоғы анықталды. Дегенмен  жүрегінде иманы бар адам күңіренбей тұра алмайтын шын суреттер жетеді. Эберт атындағы қордың Мьянмадағы филиалының директоры Алексей Юсупов есімді адаммен біздің тілшілеріміз скайп арқылы сөйлескен. Мынадай үзінді: 

Алексей Юсупов, Эберт атындағы қордың Мьянмадағы филиалының директоры:

Біз болып жатқан оқиғаның масштабын Мьянмадан Бангладешке қашып шыққан рохинджалардың санынан көріп отырмыз. Олардың саны қазір 123 мыңға жетті. Бұл өте көп адам. Өлгендердің саны туралы дерек аз, халықаралық прессаға жол жабылған, сондықтан бар ақпарат жанама.

Экономикалық қақтығыстар негізінен этникалық қақтығыстарды тудыратыны сөзсіз. Ракхайн штаты жалпы бирмалық масштабта ресурстарға бай. Бірақ дамымай қалған. Үкіметтің Ракхайн штатына инвестициялар тартып, жерді жекеменшікке беру жоспары штаттағы рохинджалардың тіршілігіне барып тіреледі. Ал рохинджалардың бірде- бір құқы жоқ – азаматтығы жоқ, еркін жүріп, тұра алмайды. Яғни мәселе «мұздай қатып тұр». Сондықтан қақтығыстың «рохинджаларды сол аумақтан қуып шығу астары бар» деген болжам ақылға сыйымсыз емес.

Вадим Ни есімді азаматтың фэйсбук желісіндегі жазбасында осымен жанасатын пайым бар,ол Мьянмадағы таныстарына сілтеме жасап, былай дейді: қақтығыстың бір себебі – соңғы уақытта Мьянманы қытайлар белсенді игеруге кірісті. Олар ауыл шаруашылығы жерлеріне көз салған. Ал Мьянма тұрғындары негізінен ауыл шаруашылығының арқасында өмір сүреді.
Яғни Мьянмадағы ешбір құқы жоқ тірі өлік сияқты рохинджаларды одан әрі қырудың астары Мьянма үшін бөтен діндегілерге жеккөрініш болып көрінгенімен, түбі барып жерге таласқа, үлкен мемлекет «айбарына»,үлкен ақшаға тіреледі. Осы аптада ақпарат құралдарында АҚШ-ң бұрынғы мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райстың интервьюі жарияланған,сонда: «Бір құпиямен бөлісейін. Халықаралық қауымдастық деген жоқ. Өзінің салмағы мен мүдделерін барын салып арттыратын мемлекеттер ғана бар»,- деген.