$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Павлодарда анасы қан құйғызудан бас тартқан сәби шетінеп кетті

AstanaTV
12.03.2021ж. 20:00
2361
Павлодарда анасы қан құйғызудан бас тартқан сәби шетінеп кетті

Павлодарда жаңа туған шақалақ шетінеп кетті. Небәрі 700 грамм салмақпен туылған нәрестеге дәрігерлер қан құймақ болған. Алайда, анасы рұқсет етпеген. Мұнысын келіншек діни көзқарасымен байланыстырыпты. Ақыры дәрігерлер анасын көндірмек болып әуре болып жатқанда, сәбидің жүрегі тоқтап қалған.  

Сұмдық оқиға қаңтарда болған. Шала туған балаға, дәрігерлер шұғыл қан құю керек деп шешкен.  Алайда, жас ана оған қарсылық танытыпты. Ол тек баламалы әдіспен емдеуге рұқсат беретінін жеткізіпті. Бұнысын діни көзқарасымен байланыстырған көрінеді. Дәрігерлер анасын көндіре алмай әуре болып жүргенде, шақалақ шетінеп кетті.

Айман ОСПАНОВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ПЕРИНАТАЛДЫ ОРТАЛЫҚТЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:

Біз қолдан келген ем-шараның барлығын жасадық. Баланың туған кезде жағдайы өте ауыр болды. Нәресте шала туған. Әйел жүктіліктің 25-ші аптасында босанды. Балада өкпенің қабынуы, дем жетіспеу, қан аздық секілді түрлі ауру белгілері болды. Анасының қарсылығына қарамастан, балаға қан құюға дайындалып жатқанда, ол шетінеп кетті. Бар жоғы 1 күн, 3 сағат ғана өмір сүрді.

Жас ана әлдебір діни ұйым жақтаушысы болуы екенін екенін дәрігерлер айтты. Ал дінтанушылар анасының бұл әрекеті дұрыс емес – деп отыр.

Жолдас ҚОСПАҚҰЛЫ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ БАС ИМАМЫ:

Егер өміріне қауіп төніп тұрған кезде қан құю керек болса, егер дәрігерлер айтып, қан құймаса, бала өлімге бару мүмкін - деп айтатын болса, біз ондай сөздерге бағынуымыз керек. Ең бастысы оның өмірі маңызды болып табылады. Сондықтан да Ислам діні адам өміріне қатты көңіл бөліп, өміріне себепші болатын қан құюға ешқандай қарсылық жоқ.

Ал дін істері басқармасы ресми тіркелген діни ұйымдардың жұмысына заң бұзбаса, араласа алмайтынын айтады. Десе де, болашақта бұндай жағдайларларды болдырмау үшін, дәрігерлерге өздері шешім қабылдайтындай заңдық нормаларды енгізу керек – дейді.

Дәулет ЗАКАРЬЯНОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ДІН ІСТЕРІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Осындай жағдайда ата-аналардың діни көзқарасы ешқандай ықпал жасамайтындай қылып, дәрігерлер шешу керек меніңше. Әсіресе, жас нәрестенің өміріне денсаулығына қауіп төніп отырса, олардың есептеуі бойынша былай айтқанда, медициналық іс-әрекет жасау керек болатын болса, оны ешкімнің діни көзқарасына қарамай-ақ, осына өткізген дұрыс.

Орталықтың бас дәрігері осыған ұқсас жағдай осыдан 10 бұрын да болғанын да айтты. Алайда, дәрігерлер ата-анасының қарсылығына қарамастан, балаға қан құйып, оның өмірін сақтап қалыпты. Сол кезде туыстары дәрігерлерді сотқа беріп, ақыры жеңіліп қалғандарын айтады.

Ө. Қуанар