Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Қорқыт ата кешені шетелдіктердің қызығушылығын тудыруда

AstanaTV
15.03.2021ж. 20:00
2242
Қорқыт ата кешені шетелдіктердің қызығушылығын тудыруда

Пандемияға қарамастан Қызылорда облысындағы Қорқыт ата кешеніне, биыл 400-ге жуық турист табан тіреген.
Аталған зиярат орнына әсіресе шетелдіктердің қызығушылығы жоғары. Қорқыт ата кешені - Тәуелсіздік алғалы жаңа кейіпке еніп, бүгінде аймаққа туристтер тартатын бірегей орынға айналды. Былтыр карантин күшейтілсе де жұмысын тоқтатқан жоқ. Онлайн 3Д форматтағы мемориалды, 13 мыңдай адам тамашалапты.

Тарихи деректерге сүйенсек, Қорқыт ата кешенінің құрылысы 1980 жылы басталыпты. Ол кезде тек ескерткіші ғана салынған. Тәуелсіздік алғаннан кейін, қайта қолға алынды. 1997 жылы қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүрді. Ал, 2014 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұйрығымен соңғы үлгіде толықтай жаңғыртылған еді. Тұңғыш Президент мемориалды кешенге ат басын бұрып, Қорқыт туралы аңызды да еске түсірген болатын.

Сырдың жағасынан мәңгілік мекенін тапқан Қорқыт баба кешені, Қармақшы ауданында орналасқан. Алыстан менмұндалап тұрған қасиетті орынның негізгі сызбасын сәулетші Бек Ибраев жасаған. Кешенде мінәжат ету орнынан бөлек, анфитеатр, қонақүй, музей қарастырылған. Қорқыт ата өмір сүрген дәуірдің тарихы мен мәдениеті жайлы мәліметтерде осында жинақталған. Жалпы 700-ден аса экспонат бар. Кешен аумағы биіктен қарағанда қылқобызды бейнелейді.

Еркебұлан ЕЛЕУОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-МӘДЕНИ ЕСКЕРТКІШТЕРДІ ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ КММ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:


Қорқыттың өлімнен қашуы деген аңыздың өзінде, әлемнің 4 бұрышын шарлаған дейді. Осындай аңыздарды басшылыққа ала отырып, әлемнің 4 бұрышына қаратып комплекстің негізгі бөлігін қалаған. Стеланның өзін алып қарайтын болсақ, жел соққан кезде онда қобыз сарыны, яғни музыкалық мелодиялар ойналатындығы.
    

Бүгінде қасиетті орын қазақстандықтардың ғана емес шетел азаматтарының да қызығушылығын тудыруда. ЭКСПО кезінде 25 мемлекеттен 50 мыңнан астам турист тамашалаған. Өткен екі айда да 400-ге жуық шетелдік табан тірепті. Одан өзге мыңдаған жолаушы зиярат етіп келеді.

Фараби ШҮКІРБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:


Жыл сайын орташа есеппен 12-15 мың адам келеді. Келушілер көбінесе республикамыздың батыс өңірлерінен, Ресей Федерациясынан және түркі халықтарынан қызығушылық танытады. Пандемияға байланысты келушілердің саны азайып, кешенді көруге онлайн форматқа көшті. Онлайн көрермендердің саны былтыр 12700-дей адам көріп шыққан.

Бүгінде Қорқыт ата мемориалды кешені Қазақстанның киелі жерлер географиясына енген елу нысанның бірі. Ал Қорқыттың жырлары халықаралық ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұраларына кірген. Осылайша, желмаясымен мәңгілік өнер іздеген абыз, ұрпағына өшпес із қалдырды. Мұхтар Әуезовше айтқанда, «Қорқыттың есімі қобыздың ішегінде, халықтың жүрегінде».

М. Тоқтасынқызы