Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

ШҚО-да «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру үшін, 28 млрд теңгеден астам қаражат бөлінбек

AstanaTV
08.09.2017ж. 20:00
4199
ШҚО-да «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру үшін, 28 млрд теңгеден астам қаражат бөлінбек

Шығыс Қазақстан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру үшін, 28 млрд теңгеден астам қаражат бөлінбек. Бұл қаржыға өңірде музей салу, киелі жерлердегі инфрақұрылымды дамыту, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу, көне жәдігерлерді іздеу сияқты көптеген игі істер жоспарланған. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Шығыс Қазақстан облысына сапары барысында тамыры тереңге жайылған тарихи-мәдени орындарды аралады. Мұхтар Құл-Мұхаммедтің ойынша, таяу уақытта бұл жерлерге келетін туристер мен зияратшылардың саны да айтарлықтай артады.

Шығыстағы киелі орындар жетерлік. Солардың бірі әрі бірегейі - Ақтас тауындағы «Қоңыр әулие» үңгірі. Жылына 10 мыңға жуық саяхатшылар мен зияратшылар келетін жер «Абай жолы» романында да көрініс тапқан. Бұл жерде кезінде данышпан Абай мен ұлы жазушы Мұхтар Әуезов те келген. "Қоңыр әулие" үңгірі ел арасында тарихи аңыздарымен және емдік қасиетке ие суымен белгілі.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

"Қоңыр әулие" қазір күрделі жөндеуден өтіп, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша халықтың жиі келетін, туристердің, тіпті, шетелдерден келетін адамдардың осындай тағзым ететін, қазақ тарихынан көп сыр шертетін киелі орнына айналып отыр. Сондықтан бұл да «Рухани жаңғыру» бағдарламасының халқымызға жасап жатқан сыйы деп қабылдауымыз керек.

Сонымен қатар, партия төрағасының бірінші орынбасары Тарбағатай ауданындағы киелі жерлердің бірі - Ырғызбай ата кесенесінде болды. Ырғызбай Досқанаұлы заманында қазақ даласындағы дәрілік шөптердің қасиеттері мен қолдану тәсілдерін жетік меңгерген әйгілі емші және сынықшы болған. ХІХ ғасырдың орта тұсында салынған діни архитектуралық ескерткіш аумағында бүгінде «Туған жер» бағдарламасы бойынша абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кешенде кесенеден бөлек, мешіт, музей және Ибн Синаның медициналық трактаттары сақталған кітапхана жұмыс істейді.

Болат Тағабай, «Ырғызбай Ата» тарихи-мемориалды кешенінің шырақшысы:

Елбасының киелі жерлерімізді көтеруі - бұл тура уақытында. Соны бірақ сол қалпында, таза қалпында, пәк қалпында дұрыс, халқымызға пайдасы тиетіндей, бүкіл адамзатқа пайдасы тиетіндей жағдай жасауымыз керек.

Жалпы Шығыс Қазақстан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру үшін арнайы кешенді жоспар дайындалып, оған әртүрлі 61 жоба енгізілген. Бұл жұмыстарға 28 млрд теңгеден астам қаражат бөлінбек. Өңірдегі киелі жерлер картасына Шілікті, Берел қорымдары, Аблайкит қорған-монастыры және тағы да басқа көптеген нысандар енген. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырып, оның өңірде тиімді орындалуына «Нұр Отан» партиясының да өкілдері өз үлестерін қосып келеді.

Олжас ҚАБЫКЕН