$523.58 €549.71 ₽5.01
×

Оқу жылынан бастап еліміздің мектептері 4 пәнді ағылшын тілінде оқытуға кірісті

AstanaTV
08.09.2017ж. 20:00
4669
Оқу жылынан бастап еліміздің мектептері 4 пәнді ағылшын тілінде оқытуға кірісті

Өзге пәндер бойынша ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалімдер жалақысы көбейтіледі. Олардың базалық лауазымдық еңбекақысына 200 пайыз ақы қосылады. Демек, 35 мың теңге қосымша ақы алады. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы шыққан. Білім саласындағы жаңашылдық жайлы Заңғар Санай баяндайды.

Заңғар Санай, тілші:

Биылғы оқу жылынан бастап Қостанай аймағындағы 17 мектеп 4 пәнді ағылшын тілінде оқытуға кірісті. Олардың тоғызы - ауылдағы білім ошағы. Бағдарлама бойынша барлығы 700-ге жуық шәкірт шет тілінде білім алады. Мәселен, жетінші сынып -биология, 8 сынып - химия, 9 - физика, ал 10 сынып оқушылары информатика пәнін ағылшынша оқитын болады.

Физика пәнінің мұғалім Татьяна Острянина  4 ай бойы оқу курсына қатысып, сан сынақтан өткен. Арнайы сертификат алу үшін ағылшын тілін тереңірек меңгеріп, ғылыми терминдерді  жаттағандығын айтады. Қазір ол қаладағы нөмірі екінші мектепте аптасына бір рет ағылшынша сабақ өткізеді.

Татьяна Острянина, физика пәнінің мұғалімі:

Екі рет емтихан тапсырдық. Тапсырмалары өте күрделі. Ал, сынақтың нәтижелерін  Кембридж университеті тексерді. Біз мектепте оқыған кезде тек грамматиканы үйрендік ғой, ал қазір тереңдетілген ағылшын тілі мен терминологиясын білуді талап етіп отыр.

Қостанайдағы нөмірі екінші мектептің 7 сынып оқушылары физика пәнін ағылшын  тілінде оқи бастады. Шәкірттер шет тілде білім алу ағылшынша еркін сөйлеуге септігін тигізеді деген сенімде. 

Лиана Базаян,  7 сынып оқушысы:

Менің ойымша, бұл бағдарлама арқылы  біз терең білім аламыз. Кейбір оқушылар,  шетелге барып оқуы мүмкін ғой. Сол тұста тіл білгеннің көп  көмегі болмақ.

Айзада Сәтбергенова Атыраудағы 7-11 сынып оқушыларына ағылшын тілінде береді. Биылдан бастап 5 жылдық өтілі бар мұғалімнің еңбекақысына 20 пайыз үстеме қосылмақ.

Айзада Сәтбергенова,  физика пәнінің мұғалімі:

Өткен жылы мен 10 сынып оқушыларына  физика пәнінен сабақ бердім.  30 академиялық сағат үшін 130 мың теңге айлық алдым. Енді биыл ағылшын тілінде сабақ бергенім үшін, үстемақы қосылғалы отыр. Еңбегіңнің еленіп жатқаны жақсы ғой.

Айнагүл Мұхмеджанова, Қостанай облысы білім басқармасының әдістемелік кабинет  меңгерушісінің  орынбасары:

Білім министрлігінң бұйырығы шыққан болатын. Осы бұйрық бойынша базалық лауазымдық  жалақыға 200 пайыз қосылады. Мысалы, бізде базалық лаузамдық жалақы 17 мың 697 теңгені құрайды. Оған енді 35 мың 394 теңге қосылады.

Қазір Тобыл өңірінде 638  мұғалім ағылшынша үйреніп жатыр. Әзірге, 114 ұстаздың арнайы сертификаты бар.

Заңғар Санай, Абзал Құрманкин,  Әлия Жамитова