Таразда қорым үстінінен құрылыс бастаған кәсіпкерге, жұрт қарсы шықты. Олар ата-бабаларының мәңгілік мекеніне айналған жерге, тыныштық беруді сұрап отыр. Ал кәсіпкер түнделетіп келіп, ауыр техникамен бейіттердің бетін тегістеп, қоршау салып жатқанына ашулы. Тұрғындар жергілікті биліктен бизнесменнің бұл бассыздығын тоқтатуды талап етті.
Тастақ алқабының ақсақалдары жиналып, бейіт үстінен бизнесін бастаған кәсіпкердің ісіне ашулы. Себебі, қорымды қиратып құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан азаматтың бұл әреті ақылға қонымсыз деп санайды. Ал бейіттерді бұзуға жергілікті билік қалай жол бергенін түсіне алар емес.
Елдос ҚЫРЫҚБАЕВ, ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Моланың үстінен өзінің бизнестерін жүргізейін деп жатыр. Біз жайлап түсіндірдік, біз әруақ сыйлаған халықпыз, ондай болмайды, біз тұрған кезде салдырмаймыз.
Майқы КЕНШІМОВ, ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Тірі адамға жер жетпесе жетпей-ақ қойсын, ата-бабаларымыз тыныш жатсын. Тіршілік жасап жатқан кезде адамның сүйегі шықса, анау-мынау шықса, неғыларсыңдар десек, кәдімгідей жинап аламыз да, адам баспайтын жерге жерлей саламыз дейді. Білмеймін бұған қандай рұқсат берілгенін.
Кәсіпкер қорымға тиіп тұрған көлік жөндеу стансасы аумағын кеңейту үшін 2017 жылы үш соттық жер алған. Мұны жергілікті әкімдік айтты. Қосымша құрылысты бастау үшін, қоршаудың қазығын қаққан. Ал, қазық зираттардың үстінен өткен. Қалалық әкімдік өкілдері бұл жағдай ертеректе жіберілген қате шешімнің салдары екені жеткізді. Басы дауға қалған атқамінерлер қорымның аумағына қоршау қойып береміз деп отыр.
Біржан БАШАНОВ, ТАРАЗ ҚАЛАЛЫҚ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
3 сотық жер қорымның жеріне кірген. Қазіргі таңда тұрғындардың наразылығы назарға алынып, ол берілген жер басқа жерге ауыстырып беру жұмыстары жүргізілуде. Ол сол қорымның шекарасына қайта алынады, қоршалынады. ешқандай құрылыс жұмыстары жүргізілмейтін болады осы уақыттан бастап.
Даулы құрылыс алаңының иесімен тек телефон арқылы тілдесуге мүмкіндік туды. Оның айтуынша аталған жерді бірнеше жыл бұрын өзге біреуден сатып алған. Қорымға қазық қаққаны үшін кәсіпкер де айыппұл арқалапты.
Б. Жұмабайұлы