$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Атыраулықтар таза ауаға зәру

AstanaTV
31.03.2021ж. 20:00
1245
Атыраулықтар таза ауаға зәру

Атыраулықтар бірнеше күннен бері қолқаны қапқан жағымсыз иіске шағымданып жүр. Әлеуметтік желіде желдей ескен бұл ақпарат тегін емес екенін, қоғам белсендісі анықтап, дабыл қақты. Осыдан соң экологтар тексерісті бастап, ауаның ластануына себеп болған мекемені тапты. Олар Атырау облысы су арнасы мекемесін экономикалық сотқа берді.

Соңғы бірнеше күннен бері қала тұрғындары қолқаны жарған иістен қайда тығыларын білмей жүр. Тұрғындар жиі қайталанатын мұндай жағдайдан соң бір күні ұйқыдан оянбай қаламыз ба деп қорқады.
 
Гүлдана ҚҰРМАНҒАЛИЕВА, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Тұншықтық. Өте жаман тұншыққанда да масқара. Балаларды далаға шығару мүмкін емес. иіс тіпті далада емес. үйге кіріп кетіп жатыр. Септик, канализацияның иісі бар ғой, соның иісі.
 
Руслан ҒИЗАТОВ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

29-ынан басталды осы иіс. Кешке қарай басталады. Сонда угарный газдың иісі білінді.  Қайда барамыз. Баратын жеріміз жоқ қой. Жүреміз ғой амалсыздан.  Не істейміз?

Экологтардан бұрын облыстағы қоғамдық ұйым белсенділері газанализатормен көшеге шықты.  Нәтижесінде шаһардың  Бейбарыс даңғылы маңында көмірсутек мөлшері 33 есе артқанын анықтады.

Белсенді тұрғындар әлеуметтік желіде дабыл қақты. Осыдан кейін ғана экологтар қаланы жайлаған жағымсыз иіс шаһардың оң жағалауындағы «Квадрат» булану алаңынан шыққанын мәлімдеді. Олар да жылжымалы зертханамен қаланың бірнеше жерінен сынама алған. Айтуларынша, көмірсутек көрсеткіші желдің бағытына қарай өзгеріп отыр.

Әлібек БЕКМҰХАМБЕТОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:
 
Солтүстік батыстан жел кеше болды. Сол бағыттан сынама алған кезде анықтадық. Булану алаңы «Квадрат» деген орны. Күкірт сутегі бізде 12 есе рұхсаттан жоғары көрсетілген. Булану алаңы Атырау облысы су арнасы мекемесінде. Оң жақтағы кәріздік сулар сол жаққа барады булану алаңына оған қазір тазартусыз төгіліп жатыр.


Департамент басшысы экономикалық сотқа арызданыпты. Мамандар кәріз тазарту қондырғысын салу экологиялық проблемалардың жол картасына енгізілген, 2023 жылы аяқталуы тиіс екенін айтып отыр. Ал оған дейін Атырау халқы кәріз иісіне де тұншыға тұруына тура келеді.  

Б. Надірқызы