Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Павлодарда апалы-сіңілілі кішкентай қыздарды қаққан трамвай жүргізушісінің үстінен қылмыстық іс қозғалды

AstanaTV
07.09.2017ж. 20:00
2226
Павлодарда апалы-сіңілілі кішкентай қыздарды қаққан трамвай жүргізушісінің үстінен қылмыстық іс қозғалды

Керекуде мектепке бара жатқан апалы-сіңілі екі оқушыны жаяу жүргіншілер жолағында трамвай қағып кетті. Алған жарақатынан 10 жасар жеткіншек оқиға орнында көз жұмды. Екіншісі жансақтау бөлімінде. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты ауыр деп бағалап отыр. Бұл жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Кінәсі анықталса, трамвай жүргізушісі 5 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Бейсенбінің таңындағы қайғылы оқиға Павлодар жұртын селт еткізді. Шаһардың ірі көшелерінің бірінде трамвай жүргізушісі мектепке бара жатқан екі оқушыны қағып кеткен. Алған жарақатынан балалардың бірі оқиға орнында көз жұмды. Ал екінші жеткіншек жансақтау бөліміне түскен.

Гүлсара Тәмпишева, Павлодар облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

Ауыр дәрежедегі жабық бас-ми жарақаты диагнозы қойылды. Тиісті емдік-диагностикалық іс-шаралар жүргізілді, әлі де жүргізіледі. Қазіргі уақытта баланың жағдайын тұрақты ауыр деп бағалап отырмыз. 

Бейнебақылау камерасына түсіп қалған мына жантүргішерлік бейне әлеуметтік желіде тарады. Трамвай жүргізушісі үш күнге дейін уақытша қамау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды.

Руслан Оспанов, Павлодар облыстық ІІД баспасөз хатшысының міндетін атқарушы:

Іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды. Күдіктінің кінәсі анықталса, баптың санкциясымен 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Трамвай басқармасындағылар бағытқа шыққан 30 жастағы жүргізуші әйелдің білікті маман екендігін айтады. Жуырда ғана арнайы аттестация тапсырған.

Антонина Рыбалко, Павлодар қалалық «Трамвай басқармасы» АҚ қозғалыс қызметінің басшысы:

Жүргізуші трамвайды басқару ісінде 5 жылдай жұмыс істейді. Тәжрибелі маман. Бүгін бағытқа шықпас бұрын ол рейс алдындағы сараптамадан өткен. Жолға шыққанда, жағдайы жақсы болатын. Вагонның да техникалық жағдайы дұрыс болатын. 

Кәсіпорын мамандары, қара жамылған отбасыға қажет көмекті көрсетуге әзірміз, дейді. Жол апатының құрбандары - бір үйдің қыздары. Олар Павлодардың №4 мектебінде білім алады. Махаббат 4 сынып, Марал 2 сынып оқушысы.

Зәуреш Абылқасова, Павлодар қалалық №4 мектеп директорының орынбасары:

Махаббат өте инабатты, тәртіпті бала. 4-5-ке оқитын. 4 «А» гимназия сыныбында оқыды. Ұжым, ата-аналар, мұғалімдер бұл баланы ерекше көреді, ерекше көзге түсетін бала еді.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Қыздардың әкесі былтыр қайғылы жағдайда қаза тапқан. Анасы үш баласымен жатақхананың аядай бөлмесін жалдап келген. Әйел екі қызы мен бір ұлын жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Қоғам белсенділері әлеуметтік желі арқылы қара жамылған отбасыға көмек қолын созуды сұрап, үндеу жариялады.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ