$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Күйеуі әйелін өлтіріп, мәйітін тығып тастаған

AstanaTV
20.04.2021ж. 20:00
3308
Күйеуі әйелін өлтіріп, мәйітін тығып тастаған

Қарағанды облысының Тоғызқұдық ауылында 8 ай бұрын күйеуі өлтіріп, тығып тастаған 35 жастағы келіншектің денесі табылды. Оны полиция ауылдан небәрі 10 шақырым жерден анықтаған. Марқұмның туыстары Бұқар жырау аудандық полиция басқармасын қылмыскерді дер кезінде ұстамады деп кінәлайды.

Жергілікті блогер оқиға болған жерден тікелей эфирге шығып, әлеуметтік желіде бейнежазба жариялады.   Жоғалып кеткен келіншекті іздеуге ат салысқан ауыл адамдары мен марқұмның жақындары көп жиналғандықтан ол жерге арнайы жасақ шақыруға тура келген. Айта кетейік, марқұм өткен жылы қыркүйектің 22- сі күні Теміртау қаласынан   Тоғызқұдық ауылында тұратын күйеуі мен ата- енесінің үйіндегі кішкентай қызын алып келу үшін кетіп, сол күйі оралмаған. Сол күннің ертесіне күйеуі оның төркініне барып, қыздарының   жоғалып кеткенін хабарлайды. Келіншек отбасылық кикілжің салдарынан соңғы жарты жылда өз ата-анасының үйінде тұрған көрінеді.  Жақындары із-түзсіз кеткен әйелді полициямен бірге іздеген.  Полицияның айтуынша,  күйеуі 4 ай бұрын әйелін  өлтіргенін мойындаған, артынша өзіне қол жұмсаған.  Ал марқұмның туыстары болса, " мәйіттің сол мезетте табылмауына полицияның салғырттығы себеп болды" дейді. Оның үстіне күдікті қылмысын мойындар алдында 3 баласынан бас тартып, өзінің әпкесінің атына жаздырып кеткен. Нағашылары енді жиендерін де көре алмай отыр.

Сайран БАЛБИҚЫЗЫ, МАРҚҰМНЫҢ ӘПКЕСІ:

2020 жылы желтоқсанның 15- і күні Жаманбаев Саят Бұқар жырау аудандық полиция басқармасына келіп қылмысын толық мойындады. Қылмысын мойындап тұрған адамды таңғы 8 де келіп, көмген жеріңді көрсет, - деп үйіне қайтарып жіберген. Осы қылмыс 7 ай емес 7 сағатта ашылатын қылмыс. Бұқар жырау аудандық заң қызметкерлері өздерінің жұмыстарын адал атқарған жоқ,- деп есептейміз.

Бақытжан ҚҰДИЯРОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

15 желтоқсанда жауап алу кезінде ол әйелін өлтіргенін мойындады. Бірақ қызметкерлерде оны қамауға алуға нақты негіз және дәлел болған жоқ. Оның сөздерін растайтын мәйіт те, куәгерлер де болған жоқ. Азаматшаның мәйіті табылды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады.

А. Қуаш