Атырауда автожолдың құрылысы мен сапасы сын көтермейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі күре жолдарды сынға алды. Бүгін мемлекет басшысы Үкіметке бірқатар тапсырма жүктеді. Бұл жайында Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде өткен кеңесте айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев мұнайлы өңірдегі түйіні шешілмеген проблемаларды жіпке тізді. Оның пікірінше республикалық маңызы бар жолдардың сапасы орташа көрсеткіштен төмен. Соның салдарынан жол-көлік оқиғасы жиілеп кеткен. Апаттың алдын алып, қауіпсіздікті арттыру үшін «Орал-Атырау» тас жолына баса назар аударған жөн,-деді. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке маңызды тас жолдың сапасын көтеруге бюджеттен қажетті қаражатты қайта қарап шығуды міндеттеді.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Жол құрылысына және оны жөндеуге жергілікті бюджеттен де қаржы жұмсалады. Нәтиже жоқ деп айтуға болады. Жөнделген жолдың көбі бір жыл өтпей жарамсыз болып қалады. Мұны ашық айту керек.
Қашаған кен орнын жыл соңына дейін толық игеру қажет. Сонда мұнай көлемін 15 миллион тоннаға дейін арттыруға болады дейді Президент. Ол өңірдің дамуы мұнай-газ химиясына байланысты екенін айтты. Алайда бұл салада әлі де артта қалып отырмыз,-деді. Тіпті 2015 жылдан бастап 162 миллион теңге бөлінсе де, тек бір ғана жоба іске асқанын түсінен алар емес. Сондықтан олқылықтың орнын толтыру үшін Үкімет пен "Самұрық-Қазына" қорына жобалардың орындалуын қатаң бақылауды тапсырды.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Облыс республикалық бюджетке және Ұлттық қорға қомақты қаржы құйып отыр. Үкімет өңір әкімдігімен бірлесіп, ірі мұнай-газ жобаларын уақтылы жүзеге асыруды бақылауға алуға тиіс.
Ғ.Өтемісов