$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қызылорда облысындағы перзентханада былық көп болғаны ма?

AstanaTV
14.05.2021ж. 20:00
3465
Қызылорда облысындағы перзентханада былық көп болғаны ма?

Қызылорда облысы Жосалы кентінде жап-жас келіншек перзентханада көз жұмды.  Оған дәрігерлер кінәлі дейді марқұмның туыстары. Сондықтан   босану үйіндегі акушер гинекологтардың  жұмыстан кетуін талап етіп отыр.  Айтуларынша,  бұған дейін де перзентханада  түсініксіз жағдайлар   болған.   Ақ халаттылардың ісіне салғырттығы салдарынан талай ана баласынан, бала анасынан айрылды дейді.   Ауылдағы ағайынның жан-айқайын   Мөлдір Тоқтасынқызы жеткізеді.

Суреттегі марқұм Жадырасын Аманжолова  айы-күні жетіп, толғақ қысқан соң перзентханаға жеткізілген. Бауырларының айтуынша, босану процесі өте ауыр болыпты. Оның үстіне дәрігерлер шұғыл әрекет жасамады деп отыр. Ауыр босанудан кейін келіншек көп қан жоғалтқан. Ота жасалған, жатырын алып тастаған.  6 күн ес-түссіз жатып, Жадырасын, сол күйі оянбастан көз жұмған. Артында үш баласы қалды.

Құралай АМАНЖОЛОВА, МАРҚҰМНЫҢ ТУЫСЫ:

Бұл кісілердің айтуынша Жадыра өзі кінәлі, операцияға келіспеген. Жамбаспен келіп тұрғанын біліп тұрып, операция қылатын реттері негізі. Ал бұл кісілер жоққа шығарып отыр. Ақиқатына жетіп әрі қарай ізденгіміз келеді. Бізге түнде 3-те жүріп кетті деді. Бізде выпискада берген уақытында сағат 1:30 деп тұр.

Қаралы отбасы Жадырасынның жұмбақ өліміне дәрігерлердің жауап беруін талап етіп отыр. Көкейдегі  күдік сейілер емес. Себебі бұл  перзентханаға қатысты  жұрт арасында теріс пікір көп дейді.  

Ал Айым Сырымбетованың екі келіні бірдей бес айлығында түсік тастаған. Айтуынша, перзентханаға іші  ауырып,шағымданып  келсе де дәрігерлер оларды жөнді қарамай, қайтарып жіберген. «Дәрігердің ота кезіндегі қателігінен  үлкен келінім ана болу бақытынан айырылды» дейді.

Айым СЫРЫМБЕТОВА, ТҰРҒЫН:


Негізі терең кесіп жіберген, бұл кісінің де жатырын алып тұр. Бұл кісі қансырап өлім аузынан қалды. 4-5 күн реанимацияда жатты. Балаға қарамаған, бала гематома. Осы кезге дейін әлі бір детский педиатр да, я ешкім келіп тексерген деа жоқ әлі. Нысанбаев Бақытжаннан бастап бәрі қаралсын.

Бұл мәселерге аудандық аурухана бас дәрігерінің айтар өз уәжі бар.    Жадырасын  Аманжолованың  қазасына қатысты  арнайы сараптама тағайындалды,қорытындысы әлі шыққан жоқ дейді. Ал ауданда түсік тастау дерегінің жиілегенін жасырмайды.  Бірақ оның пікірінше, оған  жас аналардың жүктілікті жоспарламауы себеп болып отыр.  

Бақытжан НЫСАНБАЕВ, ҚАРМАҚШЫ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:

Қызметтік тексеріліс жүргізіледі.  Суд-мед эксперттің қорытындысынан кейін, егер оның құрамында қылмыстық іс болатын болса қылмыстық деңгейге дейін көтерілуі мүмкін. Түсік тастаулар көп, өйткені жоспарлау керек, туу мәдениетін үйренуіміз керек. Халыққа да осыны айтамын мен.

Дегенмен, марқұмның туыстары   заң орындарына шағымданбақшы.  Сонда ғана  перзентханадағы келеңсіздіктерге балта шабылады дейді.  Алайда  шаранасынан тумай жатып,  айрылған ана мен анасыз қалған   жетімдердің   қайғысы онымен де жеңілдемейді.

М. Тоқтасынқызы