$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Алматы облысында жасөспірімді аяусыз соққыға жыққан екі әйел іздестіріліп жатыр

AstanaTV
14.05.2021ж. 20:00
2691
Алматы облысында жасөспірімді аяусыз соққыға жыққан екі әйел іздестіріліп жатыр

Алматы облысында жасөспірімді соққыға жыққан бейтаныс екі әйел  іздестіріліп жатыр. Аялдамада қан жоса болып таяқ жеген 16 жастағы қыз қазір ауруханада. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауырлықта деп отыр. Ересек адамдардың кәмелет жасқа толмаған қызбен дауласуына не себеп? Әріптесім Әсем Лесбек анықтап көрді.
 
Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Оқыс жағдай кеше кешкі сағат 6 лар шамасында Боралдай ауылындағы мына аялдамада болған. 16 жастағы қыз мұнда құрбысымен бірге қоғамдық көлікті күтіп отырыпты. Сол сәтте олардың жанына белгісіз екі әйел келіп дөрекі сөйлеп, жанжалдаса бастаған.

Куәгерлердің айтуынша, бейтаныс келіншектер алғашында такси ішінде отырған. Терезе арқылы қыздарға ғайбат сөйлеп, кейін көліктен түскен.

Люба, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Кикілжіңді қызым дүкенге барарда көрген. Үйге келе салысымен оны бізге айтып берді. Аялдамада түсініксіз жағдай болды. Ересек екі әйел жасөспірімдерге айқайлап, тиісіп жатты деді.


Жәбірленушінің анасының айтуынша, қос әйел жасөспірімнің  басын  аялдамадағы темірге соққан. Құлақ шекеден, бетінен бірнеше рет ұрған. Артынша көлікке отырып ізін жасырған.   

Гүлмира ЖАНБЕКОВА, ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ АНАСЫ:

Қызымның айтуынша, екі әйел де ащы суға тойып алған. Қызыма юбкаң қысқа деп тиіскен. Жеңіл жүрістіге теңеген. Бұл сұмдық қой. Жасымыз 35-те сен бізді сыйла деп, ұрып-соққан. Мен мұны бұлай қалдырмаймын. Қызым қазір солардың кесірінен ауруханада жатыр.

Жасөспірімнің бас-миы шайқалған. Дәрігерлер қазір онымен психологтардың жұмыс жасап жатқандығын жеткізді.

Алуа ЖЕКСЕНОВА, АЛМАТЫ қ. БАЛАЛАРҒА ШҰҒЫЛ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘРДЕМ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Түскендегі жарақаты жабық ми жарақаты, жыртылған-соғылған шаш аймағынының жарасы. Бөлімшеге жатқызылды. Жалпы жағдайы орташа ауырлықта.

Қызды аяусыз соққыға жыққандарды полиция жер-көктен іздестіріп жатыр. Оқиға кезінде қыздың қасында болған құрбысы тергеуге қатысуда.   Күдіктілер мінген такси жүргізушісі де табылды. Одан да жауап алынып жатыр, дейді құзырлы орган өкілдері.   

Ә. Лесбек