$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қарағанды облысының Ақтау кентінде тұрғындар қауіпті үйде тұрып жатыр

AstanaTV
17.05.2021ж. 20:00
2031
Қарағанды облысының Ақтау кентінде тұрғындар қауіпті үйде тұрып жатыр

Қарағанды облысының Ақтау кентінде тұрғындар қауіпті үйде тұрып жатыр. 120 пәтерлі 5 қабатты үйдің шатыры шұрық-тесік, жауын жауса су ағып, берекені қашырады. Төбе шіріп, көгеріп жатыр. Электр сымдары жанып кеткен, соның салдарынан жоғарғы қабаттағылар   жарықсыз қалған. Бірақ оны шешуге жергілікті әкімдік дәрменсіз. Неге? Мәселенің мән-жайын өңірдегі тілшіміз    Айжан Қуаш жеткізеді.
 
Бөкен Ешенұлының  пәтеріне жөндеу жүргізгеніне көп болмаған. Бірнеше айда-ақ  осындай жағдайға жетті. Шатырдан аққан судан төбе мен  қабырғалар  көгерген.
 
Бөкен ЕШЕНҰЛЫ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ АҚТАУ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мына төбені жөндеп қойсаң қайтадан жаңбыр жауса су ағады да өстіп көгеріп кетеді. Жақсылап отырып күзде жөндедім қар жауа бастаған кезде былтыр жазда да осылай ақты. Свет постоянно осылай жауын жауса замыкание боп күйіп кетеді.

 
Зейнеткер Татьяна Юсупова үйіне кілем төсеп, жиһаз қоймайды. Су тиіп, көгереді, бәрібір бүлінеді,- дейді.  Ал өзі осы ызадан ауру тапқан.

Татьяна ЮСУПОВА, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ АҚТАУ КЕНТІНІҢ  ТҰРҒЫНЫ:

Пәтердің ауасы мен иісін сезіп тұрсыз ба? Мен осымен демалам. Ұлым екі рет туберкулезбен ауырды. Бұл үйдегілердің бәрі өкпе ауруына шалдыққан. Барар жерім жоқ, бар болса бір күн де қалмас едім.


Ызаның иісі кіре берістен-ақ қолқаны қабады. Тұрғындар "шықпа жаным, шықпамен" күн кешіп отырмыз дейді.
 
Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Қазір мұндағы электр сымдарының өзі өмірге қауіп төндіреді. Өйткені төбеден аққан су токқа дейін жеткен. Салдарынан бұл үйдегі ондаған пәтер жарықсыз отыр.

Тұрғындардың айтуынша,  проблемамен алысып жүргендеріне 16 жыл болған.  Алғашқыда өздері  қаражат жинап, шұрық -тесікті жамап,  жасқаған.  Бірақ жылдан жылға жағдай қиындап барады. Ал жергілікті әкімдік бұл үйді қайта жаңғырту бағдарламасымен жөндеуге болатынын айтып отыр. Ол үшін тұрғындар 18 миллион теңгені бөліп төлеуі керек.

Ирина КАРКАЧОВА, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ АҚТАУ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біздің бұл модернизацияға шамамыз келмейді. Біз қазандықтың өзіне қаншама ақшама жұмсаймыз. Бұл үйде көбінесе қарттар, мүгедектер, жағдайы нашар отбасылар тұрады. Олар төлей алмайды.

Бақытгүл ЧАПАЙ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ АҚТАУ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Облыс әкімінен, спонсорлардан бәрінен көмек сұраймыз. Тұрғындардың бәрі ешкім көтере алмайды. Ешкімнің жағдайы жоқ.

Ақтау кентінің әкімі " мәселені шешудің басқа жолы жоқ" дейді  Пандемия басталғалы Ақтаудағы цемент зауыты әлеуметтік жауапкершілік негізінде бөлетін  демеушілік қаражатты қысқартқан.  Ал ауыл іргесіндегі алпауыт- «Қазақмыс»  қолдау көрсетуге құлықсыз көрінеді.

Әнуарбек БАХРИДЕНОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ АҚТАУ КЕНТІНІҢ ӘКІМІ:

Қазіргі уақытта тек қана осы бағдарлама арқылы үйдің крышасын біз істей аламыз. Санаған кезде қазіргі уақытта бұған 18 млн- дай қаражат керек.
 
Үйде 120 пәтер бар. Тұрғындардың дені- жалғыз басты қарттар, мүгедектер, зейнеткерлер мен тұрмысы төмен отбасылар. Сондықтан олар енді облыс әкіміне хат жазып, көмек сұрамақшы.  

А. Қуаш