Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Түркістан облысы әкімінің орынбасары «ұсталды» деген ақпаратқа қатысты антикор түсінік берді

AstanaTV
18.05.2021ж. 20:00
2134
Түркістан облысы әкімінің орынбасары «ұсталды» деген ақпаратқа қатысты антикор түсінік берді

Әлеуметтік желіде "Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев «ұсталды»" деген ақпарат желдей есіп жүр. Бүгін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі осыған қатысты жазбаша түсінік берді.  

ҚР СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІ:

Әлеуметтік желілерде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мырзалиевтің ұсталғаны туралы тараған  ақпаратқа қатысты келесіні хабарлаймыз. Мырзалиев ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өндірісіндегі қылмыстық іс бойынша қорғалуға құқығы бар куәгер ретінде шақырылды. Ол күдікті ретінде танылған жоқ, оған қатысты бұлтартпау шарасы таңдалмады. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сай жарияланбайды.

Айта кетейік, Мейіржан Иябайұлы бұл қызметке 2019 жылдың наурызында тағайындалған.  41 жастағы шенеунік өңірдің кәсіпкерлік, инвестиция және туризм салаларына жауапты.  Кешеден бері   тараған ақпаратта Мырзалиевке қатысты   бюджет қаражатын ұрлады деген күдікпен сотқа дейінгі тергеу басталды делінген.   Бұл жағдайға байланысты Түркістан облысы әкімінің аппараты да жауап берді.     

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:


Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мырзалиев Мейіржан Иябайұлы ресми түрде еңбек демалысында. Ол гипертониялық криз диагнозымен облыстық ауруханалардың бірінде жатыр. Артық түсініктемелерден аулақ болуларыңызды өтінеміз. Қосымша ақпарат кейінірек беріледі.


А. Төребекқызы