Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қатерлі ісікке шалдыққан 32 мың науқасқа қажетті химиялық препараттар тапшы, - Сенатор

AstanaTV
20.05.2021ж. 20:00
2219
Қатерлі ісікке шалдыққан 32 мың науқасқа қажетті химиялық препараттар тапшы, - Сенатор

Онкологиялық дертке шалдыққандарға арналған химиялық препараттар тапшы. Себебі, дәрі-дәрмекті сатып алуға үкіметтен бөлінетін қаражат жеткіліксіз. Бүгін Сенатта 3 жылға жоспарланған республикалық бюджетті талқылау кезінде осы мәселе көтерілді. Сенатор Ольга Перепечина елдегі эпидемиологиялық жағдай онсыз да қиын боп тұрғанда өзге  аурулардан да өлім-жітім көбейді дейді. Толығырақ Әлішер Өмірзақ айтады.

Ирина Московка үш жыл бұрын қатерлі ісік ауруына шалдығып, ота жасатқан. Дегенмен организмді қалпына келтіру үшін ем-дом үзілмеуі керек. Бірақ өткен жылы Ковид-19 өршіген уақытта  қажетті дәрі-дәрмекті айлап таба алмай, қиналған.

Ирина МОСКОВКА, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мамыр айынан бастап тегін медициналық көмек шеңберінде маған тиесілі дәрілерді ала алмадым. Мен өзімнің мысалымда мұндай проблема бар екенін көрсеткім келеді. Адамдар аурумен бетпе-бет қалып отыр. Ақшасы барлар сатып алар, ал қаражаты аз адам үшін жағдайдың қалай аяқталатыны белгісіз.

Кейін Ирина дер кезінде берілуі тиіс дәріні ала-алмағаны үшін шенеуніктерді сотқа беріп, ауруханадан материалдық және моральдық шығын өндіріп алды. Бірақ үндемей, дәріні сарғая  күтіп, денсаулығы нашарлап жатқандар қаншама?! Онкологтар аурулардың саны жылдын жылға артып жатқанын айтады.  Қазір елімізде 32 мың адам қатерлі ісікке шалдыққан. Қиын жағдайға тап болған азаматтардың  дәрі іздеп, оны таба алмай сергелденге түсуі денсаулыққа  кері әсерін тигізеді  дейді.

Данияр ЖҰМАТАЙ, ОНКОЛОГ:
 
Егер де ол препараттарды шет мемлекеттен алдыратын болса, кейбірлері 1-3 млн шамасында болады. Бір айға немесе бір рет салдырғанына осындай қомақта қаражат кетеді. Былай айтқан кезде ол біздің 90-95 пайыз тұрғындарға қол жетімсіз.

Бүгін Сенатта осы мәселе көтерілді. Биыл онкологиялық науқастарға қажетті химиялық препараттарға бөлінген қаражат мардымсыз, қажеттіліктен екі есе аз. Сондықтан жылдың ортасына енді келсек те тапшылық бар. Сондықтан Сенаторлар тарифтерді қайта қарауды ұсынды.

Ольга ПЕРЕПЕЧИНА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Пандемия жағдайында денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығы өте маңызды. Тарифтерді қайта қарау мәселесі шұғыл қарауды және шешуді талап етеді. Жүйке жүйесінің, қан айналымы жүйесінің және онкологиялық ауруға шалдыққандар зардап шекпеуі керек.

Сенат «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға енгізілген өзгерістерді мақұлдады.Коронавируспен күреске, Мемлекет басшысының тапсырмаларын және бұрын қабылданған міндеттемелерді орындауға жалпы 1,3 трн теңге бөлінді.

Ә. Өмірзақ